Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің мәжіліс залында Жамбыл жоғары медициналық колледжінің жаңадан ашылған бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелерімен кездесуі өтті. Аталған бастауыш кәсіподақ ұйымы «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының құрамына кіріп отыр.
Құрамында 2 мыңнан аса тәлімгерлер мен оқытушылар бар оқу орны ұжымы өңірдегі орта медицина саласы мамандарын даярлайтын ірі білім ошағы.
Жиынды ашқан Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы М.Төлепберген жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелерін кәсіподақтар қатарына қосылуымен құттықтап, қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының атқарып отырған қызметі мен алға қойған мақсаттары туралы баяндап берді. Сол сияқты, студент жастарға Кәсіподақтар Федерациясы жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің де маңызы мен бүгінгі күнгі қызметі жайлы айтылды.
Кездесу барысында «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Е.Сатыбалдиев кәсіподақ қатарына жаңадан қабылданып отырған жас мүшелерге кәсіподақ билеттерін табыс етіп, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.
Өз кезегінде жас кәсіподақ мүшелері аймақтағы «Келешек» жастар кеңесінің жұмысына қызығушылық танытып, бірге тығыз жұмыс атқаруға ниетті екендерін жеткізді.