Кәсіподақтар – ұжымның ұйтқысы әрі тірегі

Бүгін Жамбыл облысы, Байзақ ауданында «Еңбек Ерлері кәсіподақтармен бірге» деп аталған жұртшылық және бастауыш кәсіподақ ұйымдары өкілдерімен алқалы кездесу болды.

Бұл кездесуге Жамбыл облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы М.Төлепберген мен «Казфосфат» ЖШС-нің Бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров қатысты.

Еркін басқосуда даңқты еңбек адамының өмір жолы ғана емес, қоғамдағы еңбек құндылықтары және ірі кәсіпорында еңбек адамының сапалы тұрмысы мен табысына, кәсіподақ ұйымының жұмысына қатысты өзекті мәселелер де қозғалды.

«6,3 мың жұмыскері бар кәсіпорында кәсіподақ ұйымы қалай жұмыс істейді?», «Ұжымдық шарт талаптары мінсіз орындала ма?», «Жас мамандарға қандай жеңілдіктер жасалады?»,- деген маңызды сұрақтар қойылды.

Таяуда ғана ҚР Кәсіподақтар Федерациясының «Үздік әлеуметтік әріптес» номинациясына ие болған алып кәсіпорын басшысы «Кәсіподақ болмаса жұмыскер мүддесін кім қорғайды? Сол себепті бұл халықтық ұйымға арқа сүйейміз. Өзара талап үшін де жауапкершілік бар», «Біздегі кәсіподақ ұйымының көшбасшылары шын мәнінде беделді тұлғалар» деп жауап берді.

Кездесуге жиналғандар арасында салалық бастауыш кәсіподақ ұйым өкілдері «Казфосфаттың» кәсіподақ ұйымы жұмысымен танысу үшін ұсыныс жасап, ол бірден қабылданды.

Облыстық кәсіподақтар бірлестігінің «Еңбек Ерлері кәсіподақтармен бірге» жобасы биыл бес ауданда өтті. Ол алдағы уақытта да жалғасын табады.