Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Кәсіподақ үйінде Қарағанды облысы Кәсіподақ Орталығының Еңбекші әйелдер ісі жөніндегі комиссияның отырысы өтті.
Отырыстың күн тәртібі бойынша Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асырудағы негізгі міндеттер және еңбек пен отбасылық дауларды шешу туралы мәселе қаралды.
Бұл жөнінде Қарағанды облысы Кәсіподақ Орталығының «Келешек» Жастар кеңесінің төрағасы Дария Хамитжанова мен Татуласу орталығының жетекшісі Света Шардарбекова тарқатып, айтып берді.
Бүгінгі таңда отбасы мен жұмыс арасындағы ақылға қонымды теңгерімді қолдау шеңберінде заңнамаға, әйелдердің жұмыспен қамтылуына, олардың денсаулық жағдайына, еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерді қорғауға қатысты бірқатар мәселелер бар.
Осындай кезек күттірмейтін өзекті мәселелерді талқылау мақсатында Қарағанды облысының Кәсіподақ Орталығының Еңбекші әйелдер істері жөніндегі комиссия жаңа құрамда жиналды.
Оның құрамына салалық кәсіподақтардың өкілдері енген.
Әйел адамының қазіргі заман талабына қарай ролі ерекше. Ол жай ғана ана, әйел, ошақтың қорғаушысы емес, ол – алға қойған мақсаттарға жетуге ұмтылған және өз армандарын жүзеге асыра алатын күшті тұлға.
Қарағанды облысында 162 мың кәсіподақ мүшелерінің 52 пайызы әйелдер, филиалдар мен жергілікті кәсіподақтардың басшылығында, сондай-ақ Қарағанды облыстық үшжақты комиссияның жұмыс тобының құрамында тең өкілдік бар екенін Қарағанды облысының Кәсіподақ Орталығының төрағасы Болат Жұмабеков өз сөзінде атап өтті.
Комиссияның 2020 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.
Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының Қарағанды облыстық филиалының төрайымы, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Тексеру комиссиясының мүшесі Алмагүл Өсерова Еңбекші әйелдер істері жөніндегі комиссияның төрағасы болып сайланды.