Бүгін Қазақстан Республикасы Кәсіподақ Федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Сатыбалды Дәулеталин еліміздегі АҚШ Елшілігінің Саяси мәселелер бойынша кеңесшісі Карли Кохенмен кездесіп, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Еңбек мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу» туралы Қазақстан Республикасы заңның жобасын талқылады.
Елшілік өкілі әсіресе «Кәсіптік одақ туралы» Қазақстан Республикасының заңына енгізіліп жатқан өзгерістер мен толықтыруларға қызығушылық танытты.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақ Федерациясы төрағасының орынбасары заң жобасының қазір Мәжілістің қарауында екендігін және арнайы құрылған жұмыс тобына Кәсіподақтар Федерациясының өкілдері де кіргенін айтып, талқылаудың белсенді жүріп жатқанын жеткізді. Сатыбалды Дәулеталин сонымен қатар, заң жобасына Халықаралық Еңбек Ұйымының 2018 жылы берген ұсыныстары бойынша федерация тарапынан қандай өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатқанына кеңірек тоқталып өтті.
Кәсіподақ Федерациясы төрағасының орынбасары сөзінің соңында федерация жұмысын жаңғырту бойынша қазір қолға алып жатқан шаралармен таныстырып, федерацияның халықаралық ұйымдармен және ұлттық кәсіподақ орталықтарымен өзара ынтымақтастық пен қарым-қатынасты одан әрі дамытуға мүдделі екендігін жеткізді. Тараптар бұл бағытта бірлесе отырып, табысты жұмыс істеуге уағдаласты.
Атап өтейік, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Еңбек мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу» туралы Қазақстан Республикасы заңның жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына осы жылдың шілде айында енгізілген болатын.