Батыс Қазақстан облыстық білім беру басқармасы және облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының ұйытқы болуымен «Ұстазға бас иемін» атты салтанатты іс-шараға өңірдегі білім беру саласының үздіктері мен ардагер-ұстаздар, ұстаздар әулеттері қатысты. Солардың бірі Жаңақала ауданындағы Мұқыр ауылындағы ұстаздар әулеті деп орынды мақтан тұтатын мектепте тарих пәнінен сабақ берген Құрманғазы Біләлұлы мен оның жары, бастауыш сынып мұғалімі Меңсұлу Хайрошқызы Сәркеновтердің әулетінің ұрпақтары. Әулеттің жалпы педагогикалық еңбек өтілі 228 жыл.
Сәркеновтер әулетінен тараған үрім-бұтақ балаларға сабақ берудегі жаңашылдықтарымен қатар қоғамдық өмірде де белсенді. Олардың барлығы да салалық кәсіподақ ұйымдарының белді мүшелері. Биылғы облыстық деңгейде өткен ұстаздарға арналған салтанатты жиында бұл отбасы «Ұстаздар ұстаханасы» аталымын иеленді. Сәркеновтер отбасына Батыс Қазақстан облыстық Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы тарапынан осы шарада «смарт тв» теледидары табыс етілді.
Қазан айында кәсіподақтар күніне орай өткізілген жиынға кәсіподақ ұйымдарының белсенді мүшелері Сәркеновтер әулеті шақырту алғанына, мерекелік шараның көтеріңкі көңіл-күй сыйлағанын айтып, тамаша сый-сияпат көрсеткен облыстық Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына ризашылығын білдірген болатын.
Ақ Жайық өңіріндегі Құрманғазы Сәркенов сынды майдангер ұстаздың әулетінде мұғалімдік мамандық ең құрметті болып саналып, ұстаздықтың сара жолы жалғасып келеді. Отбасында қазақы тәлімді тәрбие көрген ұрпақ білім саласында еңбек етіп, шәкірттерді білім нәрімен сусындатып, елім дейтін болашақ азаматтарды тәрбиелеуде. Мұндай ұстаздар әулеті олардың озық тәжірибелері мен өнегелі өмір жолы- өзгелерге үлгі.
Ұстаздар әулетінің мүшесі Асылан Исмағұлов өз кәсібі жайлы:
« Сәркеновтер әулетіненмін, атамыз Құрманғазы мен әжеміз Меңсұлудың ізбасар-жиені боламын. Қазіргі таңда Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі қызметін атқарамын. Мұғалім мамандығын таңдауым – жанұямыздағы ұстаздық етуші үлкендеріміздің ықпалынан деуге болады. Сол кісілердің берген тәлім-тәрбиесі мен бағыты өмірде қандай да болмасын қиындықтардан оң шешім тауып шығуыма көмектеседі. Өзімнің анам Гүлжиян да 40 жыл ұстаздық еткендіктен үй ішіндегі әңгімелердің барлығы да мектепте берілетін білім мен бала тәрбиесі тақырыбында болады. Солардың әсерінен балаларды оқытсам, білім берсем деген мақсат-мұраттың пайда болуына ұласты. Менің ойымша, мұғалім болу, ұстаздық ету ол тек сол мамандықты оқып шығумен шектелмейді, оның мәні сол мамандықты сүюде, өзгенің ұл-қызын жақсы көру мен жалықпай еңбек етуде жатыр»- дейді.
Елге еңбегімен сыйлы мұндай әулеттер көп болса деп тілейміз.