Кәсіптік одақтар федерациясында Дүниежүзілік Банк жобасын жүзеге асырудың түйінді мәселелері талқыланды

Кәсіптік одақтар федерациясында Дүниежүзілік банктің сот төрелігі және әділеттілікті институциональды нығайту жөніндегі секторының топ жетекшісі Юрген Биндер бастаған сарапшыларымен кездесу өткізілді.

ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары Сатыбалды Дәулеталин делегаттарға арнаған сөзінде еңбеккерлердің құқығын қорғау және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеуге бағытталған кәсіптік одақтар жұмысы жайлы айтып берді.

Осы тұрғыда кәсіподақ ұйымдарының Қазақстандағы құқықтық насихат пен құқықтық ағарту бойынша іс-шараларды жүзеге асырудағы маңызды рөлі атап өтілді.

Шет елдік сарапшылар мемлекеттік және үкіметтік емес құрылымдардың бұл бағыттағы бірлескен жұмысы жайлы мәселелерге қызығушылық танытты.

Кездесу барысында Дүниежүзілік Банктің ҚР Үкіметіне саясатты талдау, стратегиялық жоспарлау, экономикалық және әлеуметтік даму бағдарламаларының үздік тәжірибелерін сараптауға негізделген Қазақстандағы жобасының перспективалары талқыланды.

Кездесу қорытындысы бойынша ҚРКФ өкілдері жобаны жүзеге асыруға қажетті қолдау білдіретіндігін жеткізді.

ҚР Кәсіптік одақтар федерациясының баспасөз қызметі