Кәсіподақ өкілдері «CNPC» корпорациясы басшылығымен кездесуде өзекті мәселелерді көтерді

Ақтөбе облысы Кәсіподақтар орталығының төрағасы А.Әмірғалиев облыс әкімі делегациясының құрамында «CNPC» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Ван Илиньмен және «PetroChina» компаниясынын вице-президенті Биян Дыжымен кездесті.

Екі жақты кездесу барысында «CNPC» корпорациясының басшылығымен еңбекақы, еңбек қарым-қатынасы жайлы келіссөздер жүргізілді.

Қазіргі таңда «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ Ақтөбе облысының ірі кәсіпорны болып табылады, оның үлесіне мұнай саласында өндірілетін өнімнің 70% және газдың 90 %-ы тиесілі. Акционерлік қоғам мен оның құрылымдық бөлімшелерінде 6 200-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Соңғы 5 жыл ішінде кәсіпорынмен 500 млрд. теңге көлемінде инвестициялар тартылды.

Өз кезегінде А.Әмірғалиев «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ Батыс өңірінің барлық мұнай компаниялары мен сервистік компаниялардың арасында ең төменгі жалақы төлейтіндігін, сонымен қатар казірге кейбір компанияларда кәсіподақ құрылмағандығын, ай сайынғы орташа жалақысы республикалық деңгейден 3-4 есе аз екенін атап өтті. Сонымен қатар, 20 жыл ішінде тартылған шетелдік қызметкерлердің саны артып, қазақстандық мамандарды нашар және формальды оқыту жайы туралы әңгіме қозғап, еңбегіне лайықты жалақы төлеу ең басты мақсат екенін жеткізді.