ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов Қарағанды облысының Жезқазған қаласына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды Елорда Инфо ҚР КФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚРКФ төрағасы жұмыс сапарын «Қазақмыс» корпорациясының Сәтбаев қаласындағы Шығыс Жезқазған кеніші кен байыту кешені «Анненск» шахтасынан бастады. Шығыс Жезқазған кеніші кен байыту кешенінде 1800 адам жұмыс істейді, оның 1200-і – кеншілер. Онда үш кәсіподақ ұйымы бар.
Шахтаға түсіп, 400 метр тереңдікте еңбек етіп жатқан кеншілермен кездескен Ералы Тоғжанов оларды толғандырған мәселелер жайлы сұрады.
«Кеніште қолданылатын техникалар жаңа, еңбек жағдайы мен қауіпсіздік мәселесі де қалыпты», – деген шахтерлер ең өзекті мәселе зейнет жасын төмендету екендігін жеткізді.
ҚРКФ төрағасы бұған дейін Қарағандыдағы кеншілермен кездесуінде де осы мәселенің көтерілгенін, Кәсіподақтар федерациясы өз тарапынан Парламентке және Үкіметке ұсыныс дайындап, жеткізетіндігін айтты. Кен өндірілетін кеніштегі еңбек қауіпсіздігі мен жазатайым жағдайларды болдырмау мәселесі де сөз болды.
Федерация төрағасы Жезқазған қалалық көпбейінді ауруханасына барып, медицина қызметкерлерімен кездесті. Кездесуде ҚРКФ төрағасы бұл өңірдегі алаңдататын мәселе кәсіби аурулардың таралу көрсеткішінің жоғары деңгейде екенін айтты.
«Өндірісті өңірде еңбек ететін кеншілердің денсаулығын жақсарту мен кәсіби аурулардың деңгейін төмендетуге сіздердің қажырлы еңбектеріңіз арқылы қол жеткізе аламыз», – деді ҚРКФ төрағасы.
Ералы Тоғжанов дәрігерлерге қатысты орын алған қылмыстық істер қоғам алдында дәрігерлердің кәсіби қауіптерден қорғалмағандығын, кәсіподақтардың басты мақсаты денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне олардың кәсіби қызметінде қолдау көрсету екенін жеткізді.
«Кәсіподақтар әлеуметтік әріптестерімен бірлесе отырып, құқық алаңында Қазақстан дәрігерлерін кәсіптік қызметінде қорғау құралдарын әзірлеуге белсенді қатысуда. Кәсіптік одақтар, лайықты еңбекақыны, әлеуметтік кепілдерді, қызметкерлер жұмысының тиімді ұйымдастырылуын қамтамасыз етуге қол жеткіземіз», – деді ҚРКФ төрағасы.
Ералы Тоғжанов өзекті мәселелердің бірі ауылдық елдімекендерде жұмыс істейтін жас мамандарды әлеуметтік қолдау мәселесі екендігін айта келе, бұл бағытта облыстық және аудандық медициналық ұйымдарға қажетті жас мамандарды қолдау мақсатында ҚР Кәсіподақтар федерациясы «SENIM» салалық кәсіподағымен бірлесе отырып, қосымша ынталандырушы төлемдер ретінде жалпы құны 500 000 теңге болатын сертификаттарды бекіткендігіне тоқталды.
Кездесу соңында ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Жезқазған қаласының көпбейінді ауруханасының бастауыш кәсіподақ ұйымына кәсіподақтар қозғалысын дамыту жолындағы ерен еңбегі үшін алғыс білдіріп, бірқатар кәсіподақ белсендісін марапаттады.
ҚРКФ төрағасы Жезқазған Бизнес және көлік колледжінің ұстаздарымен де жүздесті. Құрылғанына 10 жыл болған колледжде бүгінгі таңда өндірісті өңірде сұранысқа орай 14 мамандық бойынша 771 техникалық және кәсіптік жұмысшы мамандары дайындалады.
«Кәсіподақтар ұстаз еңбегіне мемлекеттік қолдауды күшейту мақсатында бірқатар іс-шараны жүзеге асырды. Қоғамдағы мұғалім мәртебесінің артуы мен нығаюының басты көрсеткіші – Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілген «Педагог мәртебесі туралы» жаңа заң жобасы. Педагогтардың әлеуметтік мүдделерін қорғау аясында кәсіподақтар осы құжаттың әзірленуіне белсенді қатыса отырып, мұғалім мәртебесі мен беделін арттыруға қатысты өз ұстанымын білдірді», – деді Е.Тоғжанов.
Сонымен қатар Ералы Тоғжанов бұл колледждің «Мәңгілік ел жастары: «Серпін-2050» бағдарламасының жүзеге асырылуына да өзіндік үлес қосып отырғанын атап өтті.
«Осы ретте белгілі бір уақыт аралығында жұмысқа орналаса алмау жайттары алаңдаушылық тудырады. Бір жылдан астам аралықта жұмыссыз жүру қаржылық әлеуетке ғана емес, кәсіби біліктілік пен адамның өзіне деген сенімділігіне де кері ықпал етеді», – деді ҚРКФ төрағасы.
20 қараша күні ҚРКФ төрағасы Ералы Тоғжанов Жошы хан мазарына тәу етіп, Жезқазған өңіріндегі «Келешек» Жастар кеңесінің отырысына қатысады деп жоспарлануда.
https://elorda.info/kk/news/view/e.togghanov-maksatymyz–layykty-enbekakyny-aeleumettik-kepilderdi-kamtamasyz-etuge-kol-ghetkizu