Казинформ: “ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов Жезқазған қаласына барды”

ЖЕЗҚАЗҒАН. ҚазАқпарат – ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов Қарағанды облысы Жезқазған қаласына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚРКФ төрағасы жұмыс сапарын «Қазақмыс» корпорациясының Сәтбаев қаласындағы Шығыс Жезқазған кеніші кен байыту кешені «Анненск» шахтасынан бастады. Шығыс Жезқазған кеніші кен байыту кешенінде 1 800 адам жұмыс істейді, оның – 1 200 кенші, онда үш кәсіподақ ұйымы бар. Шахтаға түсіп, 400 метр тереңдікте еңбек етіп жатқан кеншілермен кездескен Е.Тоғжанов оларды толғандырған мәселелер жайлы сұрады. «Кеніште қолданылатын техникалар жаңа, еңбек жағдайлары мен қауіпсіздік мәселесі де қалыпты» деген шахтерлар ең өзекті мәселе зейнет жасын төмендету екендігін жеткізді. ҚРКФ төрағасы бұған дейін Қарағандыдағы кеншілермен кездесуінде де осы мәселе көтерілгендігін, Кәсіподақтар федерациясы өз тарапынан Парламентке және Үкіметке ұсыныстарын дайындап, жеткізетіндіктерін айтты. Кен өндірілетін кеніштегі еңбек қауіпсіздігі мен жазатайым жағдайларды болдырмау мәселесі жайлы да сөз қозғалды. Бұдан кейін ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы «Жезқазған қалалық көпбейінді ауруханасындағы» медицина қызметкерлерімен кездесті Кездесуде Е.Тоғжанов бұл өңірдегі алаңдататын мәселе кәсіби аурулардың таралу көрсеткішінің жоғары деңгейде екендігін баса айтты. Оның айтуынша, Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ұлттық орталығының мәліметі бойынша Қарағанды облысында кәсіби аурулар көрсеткіші 2016 жылы – 166 , 2017 жылы – 218, ал 2018 жылы – 170 адамға жеткендігіне тоқталды. «Өндірісті өңірде еңбек ететін кеншілердің денсаулығын жақсарту мен кәсіби аурулардың деңгейін төмендетуге сіздердің қажырлы еңбектеріңіз арқылы қол жеткізе аламыз», – деді Е.Тоғжанов. Ол дәрігерлерге қатысты орын алған қылмыстық істер қоғам алдында дәрігерлердің кәсіби қауіптерден қорғалмағандығын, кәсіподақтардың басты мақсаты – денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне олардың кәсіби қызметінде қолдау көрсету болып табылатындығын жеткізді. «Кәсіподақтар әлеуметтік әріптестерімен бірлесе отырып, құқық алаңында Қазақстан дәрігерлерін кәсіптік қызметінде қорғау құралдарын әзірлеуге белсенді қатысуда. Кәсіптік одақтар, лайықты еңбекақыны, әлеуметтік кепілдерді, қызметкерлер жұмысының тиімді ұйымдастырылуын қамтамасыз етуге қол жеткізбекпіз» – деп атап өтті ҚРКФ төрағасы. Ералы Тоғжанов өзекті мәселелердің бірі ауылдық елді мекендерде жұмыс істейтін жас мамандарды әлеуметтік қолдау мәселесі екендігін айта келе, бұл бағытта облыстық және аудандық медициналық ұйымдарға қажетті жас мамандарды қолдау мақсатында ҚР Кәсіптік одақтар федерациясы «SENIM» салалық кәсіподағымен бірлесе отырып, қосымша ынталандырушы төлем ретінде жалпы құны 500 мың теңгелік сертификаттарды бекіткендігіне тоқталды. Кездесу соңында ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасы «Жезқазған қаласының көпбейінді ауруханасы» КМК бастауыш кәсіподақ ұйымына кәсіподақтар қозғалысын дамытудағы еңбегі үшін алғыс білдіріп, бірқатар кәсіподақ белсенділерін марапаттады. Ералы Тоғжанов «Жезқазған Бизнес және көлік колледжі» ЖМ ұстаздар ұжымымен жүздесті. Құрылғанына 10 жыл толған колледжде бүгінгі таңда өндірісті өңірде сұранысқа орай 14 мамандық бойынша 771 техникалық және кәсіптік мамандар дайындалады. «Кәсіподақтар ұстаз еңбегіне мемлекеттік қолдауды күшейту мақсатында бірқатар іс-шараларды жүзеге асырды. Қоғамдағы мұғалім мәртебесінің артуы мен нығаюының басты көрсеткіші – Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілген «Педагог мәртебесі туралы» жаңа заң жобасы. Педагогтардың әлеуметтік мүдделерін қорғау аясында кәсіподақтар осы құжаттың әзірленуіне белсенді қатыса отырып, мұғалім мәртебесі мен беделін арттыруға қатысты өз ұстанымын білдірді», – деп атап өтті Е.Тоғжанов. Кәсіподақтар ұйымын еліміздегі жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі де алаңдатады. Бүгінде Қазақстанда 15-28 жас аралығындағы 81 мың адам жұмыссыз. Әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырып, студенттерді уақытша жұмысқа тартуды ұйымдастыру мен жастар қозғалысын дамыту бойынша іс-шаралар қабылданады. Осыған орай, Е.Тоғжанов бұл колледждің «Мәңгілік ел жастары: «Серпін-2050» бағдарламасының жүзеге асырылуына да өзіндік үлес қосып отырғанын атап өтті. «Осы ретте белгілі бір уақыт аралығында жұмысқа орналаса алмау жайттары алаңдаушылық тудырады. Бір жылдан астам аралықта жұмыссыз жүру қаржылық әлеуетке ғана емес, кәсіби біліктілік пен адамның өзіне деген сенімділігіне кері ықпал етеді», – деді Ералы Тоғжанов. Айта кетерлігі, 20 қараша күні ҚРКФ төрағасы Е.Тоғжанов Жошы хан мазарына тәу етіп, Жезқазған өңіріндегі «Келешек» жастар кеңесінің отырысына қатысады.

https://www.inform.kz/kz/kr-kasipodaktar-federaciyasynyn-toragasy-eraly-togzhanov-zhezkazgan-kalasyna-bardy_a3586821