Мұндай қорқынышты статистиканы еліміздің Кәсіподақтар федерациясы беріп отыр. Мамандардың айтуынша, көз жұмғандардың дені тек қауіпті өндірістік ошақтарда емес. Анықталғаны, бюджеттік ұйымдарда да қауіпсіздік қағидалары дұрыс сақталмай келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Бетін жасыруын өтінген бұл азамат биыл жазда жездесінен айырылған. Марқұм туысы Алматы қаласындағы құрылыстардың бірінде күзетші болып жұмыс істепті. «Жездеміз марқұм бәріміз күзет қызметінде істедік. Төменде топырақ тиеген көлік келді. Сол сәтте жездем марқұм қақпаны ашқан. Қасында көлікті айдайтын жігіт болған. Сонымен сөйлесіп тұрған кезінде жел тұрып кетеді де, биіктен әйнек құлап, басын шауып кетеді. Сонда бір жігіт рациямен шығып, «Құрмаш ағаның басына әйнек құлап кетті» деп хабарлайды. Мен шығам дегенше әлгі кісі жоқ, кетіп қалған. Бірақ басында каска болмаған. Онысы айдан анық», – дейді өндіріс орнында көз жұмған азаматтың қайнысы.