ҚРКФ төрағасының өңірге жұмыс сапары еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау (ҚжЕҚ) жөніндегі семинарға қатысушылармен кездесуден басталды.
Қостанай облысының кәсіподақтар орталығы барлық саланың кәсіподақ активі үшін осындай семинар өткізуді дәстүрге айналдырған.
Шара барысында еңбек қауіпсіздігін сақтау және еңбекті қорғау, сонымен қатар, әлеуметтік-еңбек мәселелері мен оларды шешу жолдары талқыланды.
Ералы Тоғжанов қатысушыларға арнаған сөзінде ҚРКФ-тың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мақсатында атқарып жатқан жұмыстары туралы айтты. ҚРКФ төрағасы қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету мәселесі әлеуметтік әріптестіктің барлық деңгейінде жіті назарға алынатынын, «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы өз жалғасын тауып жатқандығын жеткізді.
Ералы Тоғжанов бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде жұмыс орындарында зардап шеккен жұмысшылар саны 2019 жылғы 10 ай ішінде 12,5%-ға азайғанын атап айтты.
Дегенмен, ҚРКФ басшысы өндірістегі өлімге апарып соқтыратын жазатайым оқиғаларға алаңдаушылық білдірді.
Анықтама үшін: 2019 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Қостанай облысында 77 жұмысшы зардап шеккен, 7-і қаза болды. Республика бойынша 1069 адам зардап шегіп, 129 жұмысшы қаза болған.
Тоғжанов: «Кәсіпке бейімдейтін ХАБ-тар жұмысшы кәсіптерінің жетіспеуі мәселесін шешуге жәрдемдеседі»
ҚРКФ басшысы республикадағы машина жасау саласының көшбасшысы – «СарыарқаАвтоПром» ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымына атбасын бұрды.
Ералы Тоғжанов кәсіпорынның өзекті мәселелері мен компания жұмысшыларының еңбек жағдайымен танысты.
Кәсіпорынның ең өзекті мәселесі – кадр тапшылығы. Осы орайда Қостанай облысының кәсіподақтар орталығы бұл мәселені шешуге жәрдемдесуде. Кәсіподақтар орталығының қолдауымен кәсіпорын, Білім басқармасы және аумақтық кәсіподақтар бірлестігі арасында жұмыс күшінің тапшылығын азайтуға бағытталған біріккен жұмыстар туралы меморандумға қол қойылып, 2-ден бастап 29 жасқа дейін кәсіпке бейімдеу бағдарламасы бастау алды, кәсіпорынның оқу орталығы кәсіби білімі жоқ мектеп түлектерімен жұмысын өзектендірді. Бағдарлама бес модульден тұрады және мектепке дейінгі ұйымнан бастап өндірістегі оқу
орталықтарына дейін балалар мен жастарды кәсіпке бейімдеу бойынша кешенді шаралар қарастырылған.
Бағдарламаның негізгі мақсаттары:
– заман талаптарына сай кәсіпті таңдауда, кәсіби білімді анықтауда, кәсіби дайындықтың өзге түрлерінде кәсіпке бейімделуге қолдау көрсету;
– балалар мен жастарда кәсіби білім алуға деген ынтаны қалыптастыру;
– білім беру мекемелерінің түлектерін кәсіптердің «заманауи сипаты» мен алдағы мансап туралы қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету;
– жалпы орта, орта білім беру мекемелерінің оқушылары мен түлектері арасында жұмысшы кәсіптеріне деген қызығушылықты арттыру;
– кәсіпке бейімдеудің ақпарат ортасын қалыптастыру;
– кәсіпке бейімдеу арқылы дамыту және қалыптастыру ісінде өзара байланыс пен әлеуметтік әріптестіктің оңтайлы жүйесін әзірлеу.
Меморандумға сай Қостанай облысында кәсіпке бейімдейтін ХАБ құрылды.
ҚРКФ төрағасы кәсіподақ орталығының әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырып, Қостанай облысының кәсіпорындарында жүзеге асырып жатқан кәсіпке бейімдеу тәжірибесі жастар арасында жұмысшы кәсіптерінің беделін дәріптеу үшін ғана емес, республика бойынша қажетті мамандардың жетіспеуі мәселесін шешудің оңтайлы құралы боларына сенім білдірді.
Жеңіл өнеркәсіп саласы кәсіпорнында кәсіптік одақ жұмысы жандануда
ҚР Кәсіптік одақтар федерациясы төрағасының жұмыс сапары «Большевичка» өндірістік кооперативін аралаумен жалғасты.
Ералы Тоғжанов аймақ үшін «Большевичка» кооперативінің жоғары әлеуметтік маңыздылығын атап өтті. Осы ретте ол кәсіпорынның облыста жеңіл өнеркәсіп саласындағы дағдарыстан кейін өндіріс көлемін қайта қалпына келтіріп, даму жолына жоғары баға берді.
Бүгінде кәсіпорында ерекше қажеттіліктері бар жас мамандарды жұмыспен қамту үшін инклюзивті жұмыс орындары құрылған, сондай-ақ, дуальды дайындау класы жұмыс істейді. Ауысымды жұмыс кәсіпорында көп балалы аналардың жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
ҚРКФ басшысымен кездесу барысында кооперативте кәсіподақ ұйымын жаңғырту аясында жұмыс атқарып жүрген бастамашы топ бар екендігі белгілі болды. Ералы Тоғжанов еңбек құқықтары мәселелерін шешуде шағын кәсіпорын жұмысшыларының бастауыш кәсіподақ ұйымын құрудың маңыздылығынын атап өтті.
Бүгінде өңірде 14 сала бойынша 1462 кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Олардың құрамына 120 мыңнан аса кәсіподақ мүшесі кіреді. Қостанай облысында кәсіподақ мүшелерінің саны жұмыс істейтін 10 614 кәсіпорынға шаққанда 12,9%-ды ғана құрайды.
ҚР Кәсіптік одақтар федерациясының баспасөз қызметі