Казинформ: “ҚР Кәсіподақтар федерациясы мен Қостанай әкімдігі ынтымақтастық Меморандумына қол қойды”

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасының Кәсіптік одақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов Қостанай облысына жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ералы Тоғжановты алдымен облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қабылдады. Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар Федерациясы мен облыс әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Меморандум аясында тараптар еңбек қатынастарын реттеуде және әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырудағы өзекті мәселелер бойынша ұстанымдарын айқындап, бірлескен шаралар қабылдауға келісті. Кездесу барысында облыстағы әлеуметтік, еңбек саласының әлеуеті талқыланып, әлеуметтік әріптестік аясында бірлесіп атқарылатын бірқатар шаралар белгіленді. «Жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау бірінші кезекте кәсіпорындар мен ұйымдардағы кәсіподақтармен жүзеге асырылады. Біздің басты мақсат – кәсіподақтар қозғалысының тірегі болып табылатын бастауыш кәсіподақ ұйымдарының санын арттыру. Қостанай кәсіпорындарында жағдай тұрақты, әлеуметтік пакеттері толық, жұмыскерлерге жағдай қарастырылған. Осы себепті аймақ басшылығына алғыс білдіремін. Қостанай облысында 120 мыңнан астам адамды қамтып отырған 1462 кәсіподақ ұйымы бар. Кәсіпорындардың 14%-ы кәсіподаққа мүше», – деп атап өтті Кәсіптік одақтар федерациясының төрағасы. Жалпы, бүгінде ұжымдық шарт бойынша Қостанай облысы жақсы көрсеткішке ие. Жұмыс істейтін 10 614 кәсіпорында 6 975 ұжымдық шарт бекітілген, яғни бұл 65,4%-ды құрайды. Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов өңірде еңбектегі даулы мәселелердің, соның ішінде жалақы берешегінің жоқтығын жеткізді. Тек банкроттық жариялау туралы сот процесі жүріп жатқан екі серіктестік бар. Бірінің берешегі – 11 миллион, екіншісінікі – 4 миллион теңге. Шара барысында кәсіподақ саласына еңбек сіңірген бірқатар азаматтар марапатталды. Соның ішінде Б.Ертаева ҚРКФ «Кәсіподақ ардагері» белгісін, Е.Будилова, А.Есмағамбетов, Ж.Құсайынов «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» белгісін тақса, Н.Дрозд Құрмет грамотасына ие болды. Ералы Тоғжанов жұмыс сапары барысында мыңнан астам адам еңбек ететін «СарыарқаАвтоПром» серіктестігін және «Большевичка» тігін фабрикасын аралап көрді.

https://www.inform.kz/kz/kr-kasipodaktar-federaciyasy-men-kostanay-akimdigi-yntymaktastyk-memorandumyna-kol-koydy_a3588135