Aikyn.kz: “Сапарбаев: Кәсіподақ ұйымы жоқ кәсіпорындарда дау көп”

Қостанайда Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның отырысы өтті.

Сапарбаев: Кәсіподақ ұйымы жоқ кәсіпорындарда дау көп

Отырыстың күн тәртібіндегі негізгі мәселелер қатарындакәсіподақ қызметіндегі бірқатар маңызды мәселелер, соның ішінде, әлеуметтік әріптестік аясында еңбек қатынастарын реттеу мәселесі болды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов еңбекақы бойынша қарыз, ұжымдық еңбек дауларының алдын-алу, еңбек қауіпсіздігі, сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін тартуға қатысты әлеуметтік-еңбек саласындағы өзекті мәселелерге тоқталды.

WhatsApp Image 2019-11-25 at 09.27.58 (3).jpeg

Министр ұжымдық шарттарды бекіту жұмысын өзектендіру арқылы еңбек дауларының алдын-алуда кәсіптік одақтардың рөлін атап өтті.

Шетелдік жұмыс күшін тарту мәселесіне қатысты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтері бойынша (ЕХӘҚМ) 30-дан аса шетел азаматы жұмыс істейтін 95 кәсіпорын тексерілді.

930 еңбек және көші-қон заңнамасының бұзылу фактісі, соның ішінде 25 кәсіпорында еңбекақыдағы диспропорцияның 474 фактісі анықталды.

Бүгінгі таңда ЕХӘҚМ шетелдік жұмыс күшін жұмылдыратын кәсіпорындардың жауапкершілігін арттыру және оларда жыл сайын тексеріс өткізу бойыншазаңнамаға толықтырулар әзірледі. Сонымен қатар, жыл сайынғы үлестеме көлемін қысқарту және жұмыс берушіге үшінші және төртінші санаттағы шетелдік жұмысшыларды қазақстандық кадрлармен алмастыруды міндеттеу жоспарлануда.

Отырыс барысында ҚР Кәсіптік одақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов әлеуметтік-еңбек қатынастарын жақсарту бойынша бірқатар ұсыныстарды жеткізді.

ҚРКФ басшысы әлеуметтік әріптестік жөніндегі республикалық үшжақты комиссия жұмысының бәсеңдеуіне алаңдаушылық білдіріп, комиссия отырысын тоқсан сайын бір рет өткізіп отыру, соның ішінде өңірлерге арнайы сапар жасау арқылы ұйымдастыру жұмыстарын өзектендіруді ұсынды.

Тоғжановтың айтуынша, соңғы жылдары РҮК жұмыс динамикасындағы белсенділіктің едәуір әлсірегенін көрсетіп отыр. 2015 жылы 6 отырыс өткізілсе, ал 2016 жылы – 2, 2017 жылы – 1, 2018 жылы – 1, 2019 жылдың 10 айында – 1 отырыс қана өткізілген.

 

Ұжымдық шарт – еңбек ұжымындағы тұрақтылық негізі

ҚРКФ басшысы кәсіподақ ұйымдары құрылмаған кәсіпорындарда ұжымдық шарттар бекітілмейтінін, соның салдарынан жұмысшылар өз құқықтарын қорғай алмайтынын атап көрсетті.

«Жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасында тиімді еңбек қатынастарын құрудың басты құралы ұжымдық шарт болып табылады», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Ағымдағы жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша республикада 112 958 ұжымдық шарт бекітілген. Бұл елімізде жұмыс істейтін барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың санына шаққанда 43,3% құрайды. Бұл ретте бастауыш кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындар 98 %-ға қамтылған.

Осыған байланысты Кәсіптік одақтар федерациясы барлық ұйымдар мен кәсіпорындарда ұжымдық шарттарды бекіту механизмін заңнамалық тұрғыда бекітуді ұсынады.

 

Еңбек даулары және оларды шешу жолдары

ҚРКФ ұсыныстарының бір бөлігі еңбек дауларының алдын-алу және шешу мәселесіне қатысты.

ҚРКФ мәліметтері бойынша, ағымдағы жылғы 10 ай ішінде республикада 17 ұжымдық еңбек дауы тіркелген, көбісі кәсіподақ ұйымдары жоқ кәсіпорындарда орын алған.

Әлеуметтік-еңбек дауларының себептерінің бірі – төменгі еңбекақы; шетелдік және отандық жұмысшылар арасында еңбекақы бойынша диспропорция(22 кәсіпорында 457 факті, айырмашылығы 4-5 есе); жұмыс берушінің әлеуметтік-әріптестік байланыс үлгісінен бас тартуы; еңбек және кәсіподақ қызметі салаларындағы заңнаманың жетілдірілмегендігі.

Еңбек дауларының алдын-алу және шешу міндеттерін іске асыру аясында Кәсіптік одақтар федерациясы мынандай жолдарды ұсынады:өңірлердегі әлеуметтік-еңбек жағдайына тұрақты мониторинг жүргізу жұмысын ұйымдастыру; тау-кен-металлургиялық, мұнай-газ саласы ұйымдарында, соның ішінде шетелдік қатысуы бар компанияларда ұжымдық-шарттық үрдістердің сапасы мен ұжымдық шарттардың мазмұнын бағалау жұмыстарын өткізу; жұмысшылар мен жұмыс берушілерге еңбек заңнамасының негіздерін оқыту, келіссөздер бойынша бірлескен оқытуды өткізу және келісімге қолжеткізу тәсілдерін дамыту.

WhatsApp Image 2019-11-25 at 09.27.59.jpeg

Өндірістік жарақат мәселелерін ведомствоаралық жұмыс тобы қарауы тиіс

Сонымен қатар, кәсіподақтар көптеген кәсіпорындарда өлімге алып келетін өндірістік жарақат деңгейінің жоғары екендігіне және кәсіби аурулар мәселесіне алаңдаушылық білдіреді.

«Қазақстанда жыл сайын өндірістік жарақат салдарынан 200-ден аса адам қаза табады. Осы ретте өлімге алып келген оқиғалардың 65%-дан астамы жұмыс берушілердің кінәсінен орын алып отыр. Қазіргі еңбекті қорғау жүйесі оқиғаның алдын-алуға емес, салдарын жоюға бағытталған», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

ҚРКФ басшысы атап өткендей, ресми тіркелген кәсіби аурулар деңгейі қазіргі жағдайға сәйкес келмейді және Қазақстандағы еңбек жағдайының әлеуетін дұрыс көрсетпейді.

Осыған байланысты, ол осы мәселе бойынша талдау өткізу және ұсыныстарды әзірлеу үшін ведомствоаралық жұмыс тобын құруды ұсынды.

Осы орайда Кәсіподақтар федерациясы Үкіметке әлеуметтік әріптестермен бірге кәсіпорындарға еңбекті қорғауды басқару жүйесін енгізу; ҚР Еңбек кодексінде еліміздің барлық кәсіпорындары мен ұйымдарында өндірістік кеңестерді міндетті түрде құру туралы норманы анықтау; әлеуметтік бейімделген жұмыс берушілерге жұмыс орындарын ұйымдастыруда кемшіліктерді болдырмау үшін қондырғылардың, ғимараттардың техникалық әлеуетін жаңғыртуға байланысты шығындарға салықтық жеңілдіктер ұсыну; өндірісте зардап шеккендерге келген зақымды өтеу мәселесі бойынша заңнамалық толықтыру енгізу, соның арқасында жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету;ірі өнеркәсіп орындарында профпатолог-дәрігер штаттық бірлігін енгізуді ұсыну туралы ұсыныстарды әзірлеуді ұсынады.

Кәсіби аурулар мәселесі аясында ҚРКФ төрағасының орынбасары Мұхтар Тінікеев шахтерлер үшін зейнет жасын қайта қараудың маңыздылығын көрсетті.

WhatsApp Image 2019-11-25 at 09.27.58.jpeg

Вице-премьер бұл мәселе ведомствоаралық жұмыс тобының қарауында екенін жеткізді.

Мәжілісті қорытындылай келе, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев әлеуметтік әріптестік қатысушыларына бірқатар тапсырма берді.

Соның ішінде, өңірлерде жеке әлеуметтік әріптестік картасын әзірлеу; аймақтардағы қазіргі жағдайды ескере отырып, әлеуметтік әріптестер арасында Бас келісімнің тармақтарын әзірлеу. Жергілікті атқарушы органдарға жұмысшылардың әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау бойынша жұмыс берушілер мен кәсіподақтармен бірге жұмысты өзектендіру міндеттелді.

«Кәсіподақтар барлық кәсіпорындарда болуы тиіс», – деп атап өтті вице-премьер.

https://aikyn.kz/economy/aymak/12844-saparbaev-kaes%D1%96podaq-uyymy-goq-kaes%D1%96poryndar/