26 қарашада Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ұйымдастыруымен келісу комиссиясы мүшелеріне арналған семинар өтті. Семинарға мұнай саласы, құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласы мекемелерінің кәсіподақ мүшелері, жауапты мамандары қатысты.
Семинардың алғы сөзінде аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Серік Сермағамбетов әлеуметтік-еңбек қатынастары мәселелерінің өзектілігін, еңбек дауларын сотқа дейін шешу, еңбек қауіпсіздігі шараларын күшейтуде тараптардың жауапкершілігін арттыру мәселелерін атап өтті.
Семинарда еңбек заңнамасының негіздері қаралып, келіссөздер жүргізуде және еңбек дауларын шешуде бәтуаластыққа қол жеткізу мәселелері талқыланды. Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістер тарихына сәйкес жан-жақты түсіндірме жасалып, келісу комиссияларында жеке еңбек дауларын қарау тәртіптері жайлы айтылды. Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар беріліп, іс-тәжірибелік мысалдар бойынша заңнамаларына сәйкес талдау жұмыстары жүргізілді.