Бүгін ҚР Үкіметінің селекторлық режимінде өткен отырысында басқа да өзекті мәселелермен қатар Еңбек қатынастарын реттеу шаралары туралы да қаралған болатын.
Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрымбетов пен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Е. Тоғжанов күн тәртібіндегі мәселеге орай сөз сөйлеп, қоғам назарында тұрған, еңбек қатынастарын реттеудің нақты әрі қажетті тұстарын жан-жақты түйіндеп айтты.
ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Е. Тоғжановтың еңбек дауларының алдын алу, жергілікті атқару органдарында еңбек қатынастарына қатысты тұрақты мониторинг жүргізу, өндірістік жарақаттану жағдайларының орын алу себептері бойынша жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейту, ұжымдық шарттың тиімділігін тиянақтау, үшжақты комиссиялардың жұмысын жетілдіру және басқа да ой-ұсыныстары Үкіметте толық қолдау тапты.
Осы орайда Үкімет отырысынан кейін Жамбыл облысының әкімі А. Мырзахметов арнайы жиын өткізіп, облыс басшылығы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Еңбек инспекциясы және облыстық кәсіподақ ұйымдары өзара бірлесіп, іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды. Өзекті мәселелердің маңыздылығына қарай Ұшжақты комиссияның кезекті отырысын өзі, яғни облыс әкімі төрағалығымен өткізу де пысықталатын болды.