«Жыр да жазған, кен де қазған – Жұмекен»

Бүгін танымал ақын, мемлекеттік әнұран авторларының бірі –Жұмекен Нәжімеденовтың туғанына – 84 жыл.

Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденов 1935 жылғы 28 қарашада Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Қошалақ құмының Ашақ деген жерінде дүниеге келген.1954 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін 1954-55 ж.ж. «Жас қайрат» сегізжылдық мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. 1955-56 ж.ж. Қарағандыдағы № 33/34 шахтада комбайнердің көмекшісі болып істеді. 1956-59 ж.ж. Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының халық аспаптар бөлімінде (домбырадан) дәріс алды.1959-65 ж.ж. «Жазушы» баспасында редактор, 1965-66 ж.ж. «Лениншіл жас» газетінің әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, 1966-71 ж.ж. Қазақстан Жазушылар Одағында әдеби кеңесші болып қызмет атқарды. 1971-73 ж.ж. Москва қаласындағы М. Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғарғы Әдеби курсты бітірді. 1974-78 ж.ж. Қазақ Мемлекеттік кітап саудасы жөніндегі комитетінде редактор, 1978-83 ж.ж. «Мектеп» баспасының тарих және география бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді.

Ақынның алғашқы өлеңі «Лениншіл жас» газетінде 1955 жылы жарияланды. Тұңғыш өлеңдер жинағы «Балауса» деген атпен 1961 жылы жарық көрді. Содан бергі уақыт ішінде жиырмаға жуық жеке өлеңдер мен поэмалар жинақтары оқырман қолына тиді.

Қаламгер проза жанрында да қажырлы еңбек етті. Оның қаламынан «Ақ шағыл» (1973), «Кішкентай» (1975), «Даңқ пен дақпырт» (1977) атты романдар туды. Ақынның әңгімелері мен повестері, хикаяттары мен сын мақалалары топтастырылып, 2005 жылы «Аспан шақырады» деген атпен басылып шықты. Ж. Нәжімеденов асқан күйші болатын. Оның «Күй кітабы» атты шығармасының негізінде 2006 жылы аудио-кітап жарыққа шықты.

Жұмекен Нәжімеденов – Қазақстан Республикасы Әнұраны авторларының бірі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері.

1955 жылдың қыркүйегінде Қарағанды қаласының шахтерлері бүкіл Қазақстан жастарына үндеу тастап, көмір өндіруге шақырған. Оған Жұмекен де алғашқылардың бірі болып 16-қыркүйекте «Шахтаға мен де барамын», – деген өлеңімен үн қосты да, Қарағандыға аттанды. Сонда жүріп, Қарағанды Кеншілер сарайында құрылған ән-би ансамблінің белсенді мүшесі болды, кәсіподақ мүшелігіне өтті. «Шахтер Жұмекен қайласы, айбалтасы тас қабырғаны қиратса, қаламы да қайраулы алмас қылыштай жарқырады. Көңіліндегі көркем сөзін қазақ халқының мақсат-мүддесіне жұмсаған,талап, талантымен өз ырқына көндірген Жұмекен жүрегінің локомотиві – өлеңі оны қазақ поэзиясының биігіне көтерді»-дейді «Менің Қазақстаным – Жұмекен» атты зерттеу кітабының авторы, белгілі заңгер Марат Азбанбаев.

ҚР Кәсіптік одақтар федерациясы Жұмекен Нәжімеденовтың туғанына 84 жыл толуына орай, 27 қарашада Фейсбуктағы парақшасында «Жыр да жазған, кен де қазған – Жұмекен» атты әдеби эстафета өткізген болатын. Ақынның кенші болып еңбек еткен Қарағанды жерінен бастау алған жыр эстафетасы алтын дәнін әнге қосқан Ақмолаға жетіп, ел жүрегі – Нұр-Сұлтаннан, шығармашылығына қуат берген Алматыда жалғасып, көркем жыр көрікті Көкшеде қалықтады.

https://www.facebook.com/100024362136848/videos/698224237666308/UzpfSTEwMDAyNDM2MjEzNjg0ODpWSzoyNDA3NTIxOTg2MDQwNjE3/

«Менің елім, менің жерім» деп жырлаған ақынның құдіретті жырлары қазақ жерінің оңтүстігі мен солтүстігін қамтып, шығысы мен батысын аралап барып, туған жері Атырауында әнұран болып шарықтады. Еліміздегі кәсіподақтардың 16 аумақтық бірлестігі белсене атсалысқан әдеби эстафета – ақынның мәңгілікке қалдырған мол мұрасын насихаттауымен маңызды.