«SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасындағы ең ірі салалық кәсіподақтың бірі. Денсаулық сақтау ұйымдарының және басқа да медициналық ұйымдардың қызметкерлерін, жоғары оқу орындарының студенттері мен орта кәсіптік білім беру мекемелерінің оқушыларын біріктіреді.
Ауылдық елдімекендерде денсаулық сақтауды дамыту, ауылда қызмет ететін жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету – бүгінгі таңда ең өзекті мәселелердің бірі.
ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы 2019 жылды жастар жылы деп жариялады. Елбасы жолдауын жастар арасында кеңінен насихаттай отырып, «SENIM» кәсіподағы 2019 жылдың 27-28 ақпан аралығында Атырау қаласында Батыс Қазақстан облысы, Ақтөбе, Маңғыстау және Атырау облыстары делегаттардың қатысуымен «Белсенді жастармен – жарқын болашаққа» атты еңбек жастарының өңірлік форумын өткізді.
2019 жылдың 16-17 мамыр аралығында Қарағанды қаласында «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ-нің ұйымдастыруымен «Жастар – сенім мен серпін» тақырыбында Республикалық жастар форумы өтті. Аталмыш форумға Қазақстанның 13 облысынан және 3 республикалық маңызы бар қалаларынан, атап айтқанда Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан, барлығы 16 аймақтан келген делегаттар қатысты. БҚО атынан 8 делегат аттанды және олардың барлығы да медицина қызметкерлері. Форумның мақсаты – жас мамандардың өзара іс-тәжірибемен алмасуы және денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді бірлесе отырып шешу боп табылды. Форумның алғашқы күнінде Қарағанды қаласынан 45 шақырым қашықтықта орналасқан Долинка ауылында омыртқаны опырған отызыншы жылдардың озбыр саясатынан сыр шертетін саяси қуғын-сүргінге ұшыраған тұтқындардың Қарағанды еңбекпен түзету лагері яғни, ҚарЛаг лагеріне арнайы ат басын тіредік.
Лагерь қабырғасында орналасқан музейдің табалдырығын аттағанда, мұнда қойылған мұңды әуен мен зарлы күйден көңіліміз бірден құлазып сала берді. Ашаршылықтың ащы ақтаңдақтарын аңғартқан адамдардың фотосуреттері, қиянат-қысым көрген тұтқындардың томаға-тұйық бейнелері, жазықсыз жазалаулар, күштеп қоныс аударылған халықтың күрсіне күңіренген кейіптері, зындандағы зорлық-зомбылықтар жүрекке зіл салып, көңілге кірбің ұялатты.
Лагерьге экскурсиямыз біткен соң, «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бидайбаев Ноян Шайғабасұлының алғашқы сөз сөйлеу рәсімімен форумның ашылу салтанаты өтті. Ашылу салтанатынан кейін әр түрлі тақырып аясында өтетін дөңгелек үстелдерге әр облыстың делегаттары атсалысып қатысты. Ерекше талқыға түскен «Дін және жастар» атты дөңгелек үстелді айтып өтуге болады. Форумның екінші күнінде Қарағанды медицина университетінде делегаттарға арналып, мотивациялық семинар-тренингтер және дөңгелек үстелдер өткізілді. Ерекше әсер қалдырған тренингті Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Атамекен» ҰКП Президиумы жанындағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, білім және инновациялар Комитетінің төрағасы Мұрат Әбеновтың «Әсерлі қарым-қатынасты орнатудағы әлеуметтік ақпараттардың рөлі» атты тренингін атап өтуге болады. Сондай-ақ, медицина университетінің аумағында республикалық жастар форумына қатысушылардың атынан көшет отырғыздық.
Форумның жабылу салтанатында Орал қалалық көпбейінді ауруханасы директорының орынбасары Ташкенбаев Бахтияр Шарықтаұлының жетекшілігімен «Ауыр жарақаттарды емдеудегі мультидисциплинарлы әдіс» атты ғылыми жұмысы өте жоғары деңгейде, әрі сапалы қорғалып шықты. Одан басқа, форумға қатысушылар құрмет грамотасымен және облыс әкімдерінің атынан алғыс хатпен марапатталды. Салтанатты жабылу кешінде Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, Қарағанды облысының ДСБ-ның бастығы, Қарағанды медицина университетінің проректоры және «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ-нің төрағасы Дүйсенов Сапарбек Серікұлы қатысқан болатын. Сондай-ақ, жас дәрігерлерге қаржылай сертификаттар және тұрғын үйге арналған алғашқы жарнаның сертификаттары табысталды. Аталмыш сертификаттардың иегерлері тізіміне мен де ие болдым. Форум өте жоғары деңгейде өтті және әр өңірден келген жалынды, белсенді жастарды тоғыстырған ынтымақтастық мекеніне айналды. Осындай жастар форумдары елімізді рухани жаңғыруға жетелейтіні сөзсіз.
SENIM «Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ БҚО филиалы Жастар Кеңесінің мүшелері кәсіподақтың деңгейін көтеру және беделін арттыру жолында тың идеялар мен заманауи бастамаларды іске асыруда. ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес Жастар Кеңесінің мүшелері ғана емес, сондай-ақ өңірдің жас медицина қызметкерлері де денсаулық сақтау саласындағы облыстық, республикалық деңгейдегі өзекті әрі өткір мәселелерді шешуде өздерінің азаматтық ұстанымдарын белсенді танытуда. 2019 жыл Жастар Жылы болып жарияланғалы бері, жас мамандар әртүрлі деңгейдегі қоғамдық және мерекелік іс-шараларға белсенділік танытып келеді. Осы бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатқан барлық шаралар халыққа, оның ішінде жастарға рухани азық берері хақ.
Мемлекет мүмкіндігінше жастарға барлық жағдай жасауда, көмек көрсетуде. Осыған орай, біз – жастар ел үмітін ақтауға және халықтың әлеуетін көтеруге ұмтылғанымыз абзал. Кәсіподаққа мүше болып кірген күннен бастап, денсаулық сақтау саласында оң нәтижелерді көрсете бастадым. Әртүрлі басқосулар мен форумдарға қатысу арқылы өз ойымды еркін әрі нақты жеткізуді және көпшілік алдында пікір айтуды үйрендім. Болашақта «SENIM» кәсіподағының қанатын кеңге жайып, жалынды жастармен бірге игі істерді жүзеге асыратынына сенімім мол.
Батыс Қазақстан облысының “№5 қалалық емханасы” аға мейіргері – Жапарова Сания Мергенгалиевна