Облыс кәсіподақтарының «Қызылорда тазалығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде еңбек ұжымымен кездесуі өтті. Кездесуде Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Серік Сермағамбетов еңбек-әлеуметтік қатынастардағы өзекті мәселелерді атап өтіп, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясынан ағымдағы жылы 26 қараша күнгі Үкімет отырысында ұсынылған ұсыныстар туралы ақпаратпен бөлісті.
Кәсіподақтармен ұсыныстарында еңбекті қорғау мәселесіне үлкен мән беріліп, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауға қатысты әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті арттыру, еңбек кодексінде өндірістік кеңестерді міндетті түрде құру туралы норманы белгілеу туралы нақты ұсыныстар жасалғандығы тілге тиек болды. Осы мақсаттағы жұмыстар барысымен С.Сермағамбетов «Қызылорда -Тазалығы» серіктестігіне «Нөлдік жарақат» Тұжырымдамасын қабылдауды ұсынды.
Облыстық құрылыс кешені және ТКШ қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы төрағасы Серік Мырзаханов мекемедегі бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысы туралы ақпарат беріп, еңбек қауіпсіздігін сақтау шараларын жетілдіру жайлы пікірімен бөлісті.
Кездесу нәтижесінде, бастауыш кәсіподақ ұйымында өндірісте жазатайым оқиғаларды болдырмау мақсатындағы «Нөлдік жарақат» Тұжырымдамасы қабылдануы туралы шешім қабылданды.
Сонымен қатар, кездесу барысында бірқатар кәсіподақ белсенділеріне мерекелік марапаттар табысталды.