30 қарашада ҚР Кәсіптік одақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов Алматы қаласының кәсіподақ активімен кездесті.
Кездесуде Алматы қаласы кәсіподақ ұйымдарының қызметі, сондай-ақ әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу және әлеуметтік әріптестермен өзара байланыс мәселелері талқыланды.
Ералы Тоғжанов Кәсіптік одақтар федерациясы Үкімет және Әлеуметтік әріптестік жөніндегі республикалық үшжақты комиссия (РҮК) отырыстарында көтерген өзекті мәселелерге тоқталды.
ҚРКФ-тың РҮК жұмысын күшейту, еңбек даулары мен кикілжіңдердің алдын-алу және шешу, еңбекті қорғау, кәсіби аурулардың алдын-алу, қарызды еңбек және ХЕҰ конвенцияларын ратификациялау бойынша ұсыныстары Үкімет тарапынан қолдау тапқаны және тиісті тапсырмалар берілгені айтылды.
Кәсіподақтар қозғалысы мүшелеріне арнаған сөзінде Ералы Тоғжанов кәсіподақтардың жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы еңбек қатынастарында тепе-теңдікті сақтау және еңбек дауларының алдын-алу ісінде алатын рөлінің маңыздылығын атап өтті.
«Кәсіподақ көшбасшысы адамдарды баррикадаға бастамайды, сындарлы диалог жолдарын қарастырады», – деп есептейді ҚРКФ басшысы.
Осы орайда Кәсіптік одақтар федерациясының төрағасы кәсіподақ ұйымдарының жұмысын өзектендіру үшін бірқатар бағыттарды айқындады.
Еліміздің кәсіподақтары бастауыш кәсіподақ ұйымдарының санын арттыруға ниетті. Шағын және орта бизнес кәсіпорындарына басымдық беріледі.
«Жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау бірінші кезекте кәсіпорындар мен ұйымдардағы кәсіподақтармен жүзеге асырылады», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Сонымен қатар, басым бағыттардың қатарында кәсіпорынның «конституциясы» деп танылған ұжымдық шарттарды бекіту жұмыстары бар.
Осы ретте ҚРКФ басшысы әлеуметтік әріптестіктің жоғары көрсеткішін көрсеткен Алматы қаласы кәсіподақтар орталығының жақсы қызметін атап өтті.
Осылайша, Алматы қаласында жұмыс істейтін 67 763 кәсіпорнында 26 854 ұжымдық шарт бекітілген, барлығы 39,6% құрайды. 2019 жылдың басында Алматы қаласында 12 202 ұжымдық шарт, ағымдағы жылғы 10 айдың ішінде 14 652 ұжымдық шарт бекітілді.
«Шағын бизнес саласында ұжымдық шарттарды бекіту жұмыстарын өзектендіру қажет. Сонымен қатар, бекітілген ұжымдық шарттардың сапасына қарау керек», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Сонымен қатар, ҚРКФ басшысы айтып өткендей, өндірістік жарақат және кәсіби аурулар деңгейінің азаюы мәселесі кәсіподақтардың тұрақты бақылауында болуы тиіс.
«Қауіпсіз еңбек» жергілікті бағдарламасын жүзеге асыру, жазатайым жағдайлар бойынша жол картасын әзірлеу, қоғамдық бақылау шараларын күшейту, өндірістік кеңестерді құру және технологиялық инспекторларды оқыту мәселелері аясында сөз қозғалды.
«2019 жылғы 10 ай ішінде өндірістегі жазатайым оқиғалар салдарынан республикада 1069 адам зардап шексе, 129 жұмысшы қаза болды. Алматы қаласында осы уақыт аралығында 83 адам зардап шеккен, олардың 4-і қаза болды», – деп хабарлады ҚР Кәсіптік одақтар федерациясының төрағасы.
Ералы Тоғжанов кәсіподақтар активіне еңбекті қорғау жөніндегі құрылымдар кәсіподақтармен бірге жұмыс істейтін кәсіпорындарда жұмысшыларға қауіпсіз еңбек жағдайы қамтамасыз етілетіндігін айтты.