Максим Рожин: «Қарапайым жұмысшының мәселесіне басты көңіл бөлу керек»

Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Е.Тоғжановтың  Үкімет отырысында  бірінші кезекте еңбек дауларының алдын алу,өндірістік жарақаттану жағдайларының  орын алу себептері бойынша жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейту және басқа да ұсыныстарын  тыңдап, өзім де біраз ойланып қалдым. Мені бұл мәселелер сөзсіз алаңдатады. Оған себеп көп. Біріншіден, мектепті бітірген  бойда қарапайым ағаш өндіретін цехта жұмыс істеп, ауыр жарақат алып, соңынан жұмыс берушіден ешқандай көмек те, қолдау да көрмеген адам ретінде осы мәселеге алаңдаймын. Осындай мысалдар елде көп.

Федерация төрағасы мынадай статистикалық  мәліметтерді келтірді: «Қазақстанда жыл сайын өндірістік жарақат салдарынан 200-ден аса адам көз жұмады. Бұл ретте өлімге алып келген оқиғалардың 65 пайыздан астамы жұмыс берушілердің кінәсінен болып отыр». Әрине бұл бізге жеткен фактілер, қарапайым еңбек шарты жоқтардың жағдайы бұл сандардың ішіне кірмеген шығар-ау.

Тағы да мені ойландыратын мәселе – еңбек дауларының алдын-алу және шешу. Расын айту керек, жұмыс берушімен келісімге келмеген біздің жұмыскерлердің  көше мен алаңдарды кезіп жүргеніне бей-жай қарамауымыз керек. Кәсіподақтар Федерациясының Үкімет отырысында әлеуметтік-еңбек дауларын шешу бойынша Кешенді жоспар мен Біріккен іс-қимылдар  жоспарын(алгоритмін) ұсынғаны оң қадам деп бағалаймын. Осы мәселені Премьер-министр А.Мамин қолдап,  еңбек дауына мемлекеттік органдар қатысса да, бірінші кезекте бұл мәселелер жұмыс беруші мен жұмыскердің ортасында кәсіподақтардың араласуымен шешілуі керек дегені, Кәсіподақтар Федерациясының рөлінің қаншалықты маңызды екенін айқындап отыр.

Қалай болса да, дамыған елдер қатарына қосыламыз десек, кез келген мәселені, соның ішінде еңбек даулары болсын, жұмыскерлерге қатысты басқа да мәселелерді оңынан шешу үшін Кәсіподақтар Федерациясы нәтижелі ұсыныстарын сапалы іске асыруы маңызды.

Максим Рожин, «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ  Басқарма төрағасының PR кеңесшісі