Нұрлан Дулатбеков: «Қолданыстағы еңбек заңнамалары жетілдіруді қажет етеді»

Мен соңғы кезде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының және оның басшылығының еңбек қатынастарына қатысты көтеріп жүрген ұсыныстарын қолдаймын. Біздегі кәсіподақтардың көтеріп жүрген өзекті мәселелерінің бірі –ұжымдық шарттар. Қазір  кейбір кәсіпорындарда ұжымдық шарттар толыққанды жүзеге асырылмай отыр.  Бұл шарттар кәсіпорындарда  кең ауқымда қолданылса  жұмысшылардың мүдделері мен құқығы  қорғалып, өндірістік жарақаттардың алдын-алуға  сонымен қоса, кәсіпорындардың жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік туар еді.  Сонымен қатар, еңбек жанжалын сот органдарын иә болмаса атқарушы  биліктің  көмегінсіз,  жұмыс беруші және жұмысшы арасында шешудің тиімді жолдарын қарастыру қажет. Ол жерде өзара  келісімнің, медиацияның болуы  жұмыстың сапасына оң әсер ететіні сөзсіз. Сонымен қоса, мынау шетел жұмыс күшінің әсіресе,  мұнай саласында жүрген шетелдік жұмысшылар мен өзіміздің жұмысшылар арасындағы жалақаның теңсіздігі өзекті мәселеге айналғанын  көріп отырмыз.  Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде өңірлерге барғанда  өзіміздің жұмысшылардың көтеретін мәселесі де осы жалақының теңсіздігі. Міне осы  жерге кәсіподақтардың араласып,  мәселені заңды жолмен шешуге үкіметке ұсыныс беруі құптарлық.  Бұл тарапта кәсіподақтар Парламент депутаттарымен  еңбек заңнамаларын жетілдіру  бойынша бірлесе жұмыс жасаса,  түбінде жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын жақсарар еді деп ойлаймын.

Нұрлан Дулатбеков, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, заң ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент- мүшесі