Шымкент қаласында «Нұр Отан партиясы» Шымкент қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтті. Келелі жиынға «Шымкент қалалық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлесігінің төрағасы Берік Айдарбекұлы Бекжанов қатысты. Жетекші партияның бақылау комиссиясының басқосуында «Shymkent Bus» компаниясының жалақы қарызына қатысты мәселе көтерілді. Айта кетейік, жуырда биылғы жылдың сәуір айында сән-салтанатпен ашылған ««Shymkent Bus» компаниясының қызметкерлері өздеріне тиесілі жалақыны ала алмай, наразылыққа шыққан болатын. Серіктестікте қазіргі таңда 400-ден аса адам жұмыс істейді.
Еңбеккерлерге жалақылары ай сайын төленіп отырғанмен, қазан айында еңбекақы кешіктірілген. «Нұр Отан партиясы» Шымкент қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясына қатысқан серіктестік директоры Елікбай Тоқбергеннің сөзіне қарағанда жұмысшыларға қазан айына жалақылар толық төленген. Ол қараша айының еңбекақысы келесі аптаның ішінде толық жабылатынын жеткізді. Ал желтоқсанның жалақысын жыл соңына дейін толық өтелетініне сендірді.
Айта кетейік, жалақы қарызының өтелуіне кәсіподақ өкілдері де белсенді араласуда. Жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы еңбек дауына арналған партиялық бақылау комиссиясының отырысында Шымкент қалалық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлесігінің төрағасы арнайы сөз алды. Жұмысшы мен жұмыс берушінің арасындағы еңбек дауларын алдын алу үшін ұдайы түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін жеткізді.
Айта кетейік, Шымкентте 21 мыңнан аса заңды тұлға бар болса, қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған 13 мың мекеменің 4 пайызында ғана ұжымдық шарт жасалған. Осыны ескерген бірлестік төрағасы Берік Бекжанов жұмыс беруші мекемелерде кәсіподақ құруға ден қою қажеттігін жеткізді. Бұл уақыт талабы! Еңбек дауларына арнайы жүргізілген мониторинг қорытындыларына сүйенген Берік Айдарбекұлы кәсіподақ ұйымы бар мекемелерде еңбек қатынастарында дау-жанжалдардың орын алмайтынына сендірді.Ел экономиканының дамуына үлкен серпіліс беретін жұмыс беруші мен жұмыскердің құқын қорғауда әріптестік аясында бірлесіп жұмыс істеуге шақырған бірлестік төрағасының ұсынысы бақылау комиссиясы мүшелерінің тарапынан қолдау тапты.