Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы Еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспекторларды анықтады

2019 жылғы желтоқсанның 5-6 күндері елордада «Қауіпсіз еңбек– қоғамның табысты дамуының негізі» деген атпен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы Еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың республикалық II форумы өтті.

Форумға елдің барлық өңірлерінен 50 техникалық инспектор, әлеуметтік әріптестер – орталық мемлекеттік органдардың коммерциялық емес ұйымдарының өкілдері, сонымен қатар, халықаралық ұйымдардың сарапшылары, еңбекті қорғау саласындағы ғылыми қайраткерлер қатысты.

Форумның мақсаты – еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың рөлі мен беделін көтеру және жұмыс берушілердің өндірістік тәуекелдерді басқарудағы маңызды буын ретінде өндірістік кеңестерді құруға мүдделілігін арттыру.

Форум Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Сатыбалды Дәулеталиннің құттықтау сөзімен ашылды.

Бүгінгі күні республикадағы еңбекті қорғау жағдайына еңбекті қорғау жөніндегі 18 810 техникалық инспектор қоғамдық бақылауды жүзеге асырады.

Еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар өткен жылы 106 554 тексеріс жүргізіп, оның барысында 145 мың еңбекті қорғау туралы заңнаманың талаптары бұзылғандығын анықтаған.

Кәсіптік одақтар федерациясы 2018 жылды – Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жылы деп жариялады. Барлық өңірлерде кәсіподақтардың бастамасымен «Қауіпсіз еңбек» жергілікті бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасында 2019-2023 жылдарға арналған зиянды еңбек жағдайларындағы жұмыс орындарын және өндірістік жарақатты азайту бойынша Жол картасы бекітілген.

Әлеуметтік әріптестермен бірлескен жұмыстың нәтижесінде 2018 жылы 2017 жылмен салыстырғанда зардап шеккендер саны 6,6 пайызға, өлімге апарып соқтыратын жазатайым жағдайлар 11,5 пайызға азайған.

Бүгінгі күні республика бойынша кәсіпорындарда 14 792 еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер жұмыс істейді (оның 95 пайызы кәсіподақтардың бастамасымен құрылды). Өндірістік кеңестер жұмыс берушілер мен кәсіподақтардың бірлесіп жұмыс істеу деңгейін көтерді деп сеніммен айтуға болады.

Алайда кәсіпорындар мен ұйымдарда құрылған өндірістік кеңестер саны елімізде жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың бар болғаны 6 пайызын құрайды (261 000).

ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары Сатыбалды Дәулеталин өндірісте қауіпсіздікті ұйымдастыру өзекті әлеуметтік мәселе болып отырғанын және бұл тұста ҚРКФ ұстанымы адам жұмысқа аман-есен келіп, үйіне, отбасына аман-есен оралуы тиіс дегенді айтты.

«Біз 2018 жылы адам өліміне алып келген қайғылы оқиғаларды сараптадық. Былтыр 191 кәсіпорында 221 адам қаза тапқан. 160 кәсіпорында бұл оқиғалардың жұмыс берушілердің кінәсінен болғандығы дәлелденді. 138 кәсіпорында кәсіподақ болған жоқ. Демек, қоғамдық бақылау жүргізілмеген әрі өндірістік кеңестер құрылмаған»,- деді Сатыбалды Дәулеталин.

«Бүгінгі күні Еңбек заңнамасын реформалауға қажеттілік туындап отыр. Әсіресе қайғылы оқиғалардың алдын алуды күшейту қажет. Еңбек кодексінде көрсетілген жұмысшы мен жұмыс берушінің құқығы мен міндеттерін жүзеге асырудың жаңа механизмдерін жасау керек»,-деді ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары.

Сатыбалды Дәулеталин еңбекті қорғау жүйесін жетілдірудің ҚРКФ ұсынған бірқатар кешенді шараларын айтып өтті.

Атап айтқанда, жазатайым оқиғалар мен кәсіби аурулардың алдын алуға Еңбек кодексінде басымдық беруді заңнамалық негізде бекітуді, сақтандыру инструменттері мен механизмдерінің рөлін арттыруды, сонымен қатар, Еңбек кодексіне жұмыс берушіні жұмысшының жұмысқа қабілеттілігін жоғалтуға алып келмеген, бірақ соған жетеқабыл кез-келген жарақатын тіркеуді енгізуді ұсынды. Себебі бұл тұрғыда кәсіпорын басшысының жарақаттану фактілерін жасыруға мүдделілігі басты әрі қиын шешілетін проблема болып отыр. Сонымен қатар, ол ішкі бақылауды күшейтудің бір тетігі ретінде Өндірістік кеңестердің құқықтық мәртебесін көтеру қажеттілігі атап өтілді.

Сатыбалды Дәулеталин техникалық инспекторларды материалдық және моральдық тұрғыдан ынталандыру мәселелеріне айырықша назар аударды.

Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау ұйымының Қазақстандағы тұрақты өкілі Олег Честнов өзінің форум қатысушыларына жолдаған видеоүндеуінде Қазақстан кәсіподағының еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жұмысына жоғары баға берді.

Оның айтуынша, 2007 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясы еңбеккерлердің денсаулығын сақтауда ғаламдық іс-жоспарын мақұлдап, ұйымға мүше 194 мемлекетті осы бағытта шаралар қабылдауға шақырған.

«Осы жоспарға сәйкес біздің мамандар мемлекетке және жұмыс орындарын ұйымдастырумен айналысатындарға көмек ретінде түрлі технологияларды қолдану арқылы жұмыс орындарын сауықтыру бастамаларын жасаудың әдіс-тәсілін әзірледі. Еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың республикалық форумы біздің ортақ іс – еңбеккерлердің денсаулығын сақтауға өз үлесін қосады»,-деп атап өтті Олег Честнов.

Еңбек инспекциясының кәсіподақтар үшін рөлі туралы Халықаралық Еңбек Ұйымы Бюросының Еңбекті қорғау және еңбек инспекциясы бойынша бас маманы Валентин Мокану әңгімелеп берді.

Оның ойынша, инспекциялық қызметтің жұмысының тиімділігінде ең алдымен әлеуметтік әріптестікті күшейтудің берері мол. Валентин Мокану сонымен қатар, Қазақстандағы еңбекті қорғау жүйесінің дамуы туралы өз көзқарасын білдірді.

Халықаралық сарапшы ұсыныс ретінде Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің өңірлік еңбек инспекцияларының қызметін үйлестірудегі рөлін күшейту қажеттігін атап өтті. Бұнымен қоса, ол кәсіпорындарда тексерістер жүргізетін еңбек инспекторларының санын көбейтуді ұсынды.

Валентин Моканудың айтуынша, инспекторларға заңмен өз қарауы бойынша шектеулер қолдануды ұсынудың орнына ескерту жасауға және кеңестер беру құқығымен қамтамасыз ету қажет.

Беларусия Кәсіподақтар федерациясы Байланыс қызметкерлері кәсіподағының бас техникалық инспекторы Александр Крючков осы елдегі кәсіподақтардың өндірісте қауіпсіздіктің сақталуына қоғамдық бақылауды ұйымдастырудағы тәжірибесі туралы баяндады. Оның айтуынша, жұмысшылардың денсаулық және қауіпсіз еңбек жағдайларына құқығын тиімді жүзеге асыруда Беларусь Республикасы Президентінің 2010 жылы шыққан арнайы жарлығының маңызы зор болған.

Александр Кроючковтың айтуынша, аталған жарлық кәсіптік одақтардың және оның ұйымдастырушылық құрылымының қоғамдық бақылау саласындағы қарым-қатынастарды құқықтық реттеуді жетілдіруге сонымен қатар, азаматтардың еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғауға мүмкіндік берді.

«Қоғамдық бақылау кәсіподақтар, мемлекеттік органдар мен басқа ұйымдар арасындағы әлеуметтік әріптестік принциптері негізінде жүзеге асырылады. Қоғамдық бақылау нәтижесі бойынша кәсіподақ бақылап отырған субьектіге заңнамалық актілерді және ұжымдық шарттарды орындауда жіберген кемшіліктерін жою бойынша ұсыныстар беруге құқылы. Жалдаушы бұл ұсыныстарды қарастырудағы нәтиже мен оның уақытылы орындалғандығы жөнінде кәсіподаққа хабар беріп отыруы керек. Бастауыш кәсіподақ ұйымдары қоғамдық бақылауды өздері құрылған субьектілерде ғана жүзеге асыра алады»,-деп атап өтті Александр Крючков.

Форумда «Еңбеккерлердің денсаулығын нығайту және сақтау-кәсіподақтардың басты міндеті» туралы Нұр-Сұлтан қаласы кәсіподақтар орталығының төрағасы Тастанбек Есентаев кәсіпорындарға өндірістік гимнастиканы енгізу туралы жобаның таныстырылымы барысында баяндады.

Елдің еңбекке қабілетті халқының денсаулығын жақсарту мақсатында, ҚРКФ бастамасымен 2018 жылдың 21 желтоқсанында елордада «Қазақстан кәсіподақтарының спорттық-сауықтыру қоғамы» қоғамдық қоры құрылды.

Қордың басты мақсаты – еңбеккерлердің денсаулығын нығайтуға мемлекеттік және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының ат салысу. Сонымен қатар, еңбеккерлер арасында дене шынықтыру, сауықтыру және бұқаралық спорт жұмыстарындағы озық тәжірибелерді енгізу.

Оның айтуынша, қазір еліміздегі жұмыс күші 9 миллионнан астам адам болса, оның 6 миллионы – кәсіпорындар, зауыттар мен мекемелердегі жалдамалы жұмыскерлер.

Жыл сайынғы ресми деректерге сәйкес, жұмысшылар бірінші ауысымда ең көп жарақат алады (57,6%), екінші ауысымда (33,5%) және үшінші ауысымда ең аз жарақат алады екен (8,9%). Мұның бәрі еңбек қауіпсіздігі мен жұмысшылардың денсаулығын сақтау жүйесі дұрыс жолға қойылмағандығын көрсетеді.

Тек биылғы 10 айда еліміздің кәсіпорындарында 1069 адам зардап шегіп және оның 129-ы жұмыс орнында қайтыс болды.

«Сондықтан технологияның қарқынды дамуы жағдайында жоғары білікті жұмыс күшінің қажеттіліктеріне жауап беретін арнайы дене дайындығы қажет. Осыған байланысты жұмысшыларға дене тәрбиесімен және салауатты өмір салтымен таныстыруды кеңінен тарату керек»,-деді Тастанбек Есентаев.

Осы қоғамдық қордың есептеулеріне сәйкес 2025 жылға қарай дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатын жұмысшылардың саны 45% (2 млн 250 мың адам), ал 2030 жылға қарай 60% (3 млн адам) жетуі мүмкін.

Осыдан соң форум қатысушылары Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевтың қатысуымен өндірістік гимнастика жасады.

«Қарағанды медицина университеті» ҰАҚ Қоғамдық денсаулық сақтау және кәсіби денсаулық институтының бас дәрігері, «Профпатолог – дәрігерлердің қаумдастығы» РҚҰ төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Аманбекова кәсіби патологиялардың өзекті мәселелері туралы баяндады. Оның айтуынша, Қазақстанда зиянды еңбек жағдайларында 370 мың адам еңбек етеді. 2018 жылы республикада кәсіби аурулармен ауыратын 330 адам тіркелген. Бұл сан 2010 жылмен салыстырғанда (741) төмен, 2016 жылмен салыстырғанда жоғары (286). Кәсіби аурулар бойынша Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облысы алдыңғы орында тұр. Мәселен, былтыр Қарағанды облысында 170 адам кәсіби ауруларға шалдыққан болса, Шығыс Қазақстан облысында ол 117. Кәсіби аурулардың таралуын салаларға бөліп қарайтын болсақ, алдыңғы орында тау-кен өнеркәсібі тұр (61,9 пайыз). Одан кейін көмір өнеркәсібі (29, 3 пайыз) мен химия өнеркәсібі (4,4 пайыз) тұр. Кәсіпорындарға келсек, «Қазақмыс

Корпорациясы» ЖШС (27,9 пайыз), «АрселорМиттал Теміртау» АҚ (22 пайыз), «Қазцинк» ЖШС (10,6 пайыз) болып тұр. Кәсіби аурулардың таралауына себеп болатын факторлар еңбек жағдайы, жұмыс берушінің бұл мәселеге назар аудармауы және арнайы медициналық көмектің жеткіліксіздігі. Бұл мәселені шешу үшін «Қоғамдық денсаулық сақтау және кәсіби аурулар институы» құрылған. Сонымен қатар, ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» Кодексі жобасына кәсіби аурулар кезінде медициналық көмек көрсету мәселелері бойынша толықтырулар ұсынылған. Әрі Халықаралық еңбек ұйымының тізіміне сәйкес кәсіби аурулар мен уланулардың жаңа тізімі жасалуда.

Форум барысында еңбек гигиенасы, өндірістегі қайғылы оқиғаларды зерттеу, жұмыс орнында аяқ асты қазаны болдырмау және Vision Zero әлемдік тұжырымдамасын енгізуге қатысты бірқатар шеберлік сыныптары өткізілді.

Форум «Қазақстан Республикасы Кәсіптік одақтар Федерациясының 2019 жылғы еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспекторы» республикалық байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттаумен аяқталды.

ҚР Кәсіптік одақтар федерациясының баспасөз қызметі