Бүгін Тәуелсіздік күні қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласының ЭКСПО Конгресс-орталығында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Алтын сапа» сыйлығы байқауының жеңімпаз-лауреаттарын және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
2008 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Парыз» конкурсының сыйлығы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған зор мүмкіндік болып табылады.
Осы шараға Қазақстан Республикасы Кәсіптік одақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов қатысып, «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», «Үздік ұжымдық шарт», «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын», «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациялары бойынша жеңімпаздарды марапаттады.
«Павлодар политехникалық жоғарғы колледжі» білім беру мекемесі «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясы бойынша қола жүлдені иеленді. Марапат колледж директоры Валерий Якутовқа табысталды.
Бүгінде аталмыш ұжымда 53 адам жұмыс істейді. Білім ордасында техникалық мамандықтармен қатар, қызмет көрсету саласы бойынша да білім беріледі.
Ал шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі ретінде «Үздік ұжымдық шарт» аталымындағы қола марапат Қызылорда облысы, «Жаңақорған» шипажайы» Акционерлік қоғамының директоры Бақытжан Абдуллаевқа табысталды.
Бүгінде шипажайда 224 еңбеккер жұмыс атқарады. Шипажайдың тарихы сонау 1918 жылдан бастау алады. Қазіргі таңда жұмысшылардың орташа еңбекақысы – 144 мың теңге. Әр жұмысшыға әлеуметтік пакет қарастырылған. Көп балалы және жалғыз басты аналарға жыл сайын ҚР кәсіптік одақтар күніне орай 2 АЕК көлемінде минималды жалақы беріледі.
«Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша Атырау облысының «Сапа Строй Сервис и К» ЖШС компаниясы қола жүлдені иеленді. Марапат компания директоры Мейрамбай Базарбайға табысталды. Бүгінде құрылыс саласында жұмыс істейтін кәсіпорында 150 жұмысшы еңбек етуде.
«Сапа Строй Сервис и К» ЖШС ҚР Еңбек заңнамасына сәйкес еңбекті қорғауды басқару жүйесін жүйелі түрде жақсартып отырады. Кәсіпорында әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеуге бағытталған ұжымдық шарт бекітілген. Жыл сайын жұмыс берушінің есебінен медициналық тексерістер ұйымдастырылып отырады. Бір атап өтерлігі, өндірісте жазатайым оқиғалардың алдын-алуға баса назар аударылғандықтан, кәсіпорында мұндай жағдайлар тіркелмеген.
Шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі ретінде «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымында Солтүстік Қазақстан облысының «Изолит» кәсіпорнының директоры Александр Бебешко қола жүлдені иеленді. Кәсіпорынның еңбек ұжымы – 106 адам. Қазақстандық нарықта кәсіпорын слюда және слюдадан жасалатын қағаз өнімдерін шығару ісінде көшбасшы болып табылады. Бүгінде энергия ресурстары шығындарын азайту мақсатында процестерді автоматты басқару жүйесін енгізу жоспарлануда.