ХХ ғасырда құрылған кәсіподақтар ұйымы еліміз егемендік алған кезеңнен бастап қайта жаңғырды. Сол кезден кәсіподақ комитеті жүйелі қызмет атқарып келеді. Облысымыздағы Кәсіподақтар орталығы бүгінде бір мыңдай бастауыш партия ұйымын біріктіріп отыр. 80 мыңға жуық азамат кәсіподақтың мүшесі. Тәуелсіздік күніне орай бүгін Достық үйінде дөңгелек үстел ұйымдастырылып, кәсіподақтың белсенділері марапатталды.
Қай қоғамда болмасын, жұмыс беруші мен қызметкерлер арасында жалақы төлемеу, жұмысшы құқығын шектеу сияқты түйткілдердің туындап отыратыны жасырын емес. Кейде еңбек даулары сот арқылы шешіледі. Осындай жағдайды ушықтырмай, мәселені оңтайлы шешуде үлкен рөл атқаратын қоғамдық маңызы зор бірден-бір институт – кәсіподақ ұйымы. Бүгінгі таңда кәсіподақтар ұйымы үкіметтік және бизнес өкілдерімен бірлесе, заманауи қазақстандық қоғамды қалыптастыру жолында жұмыс жасауда. Қоғамдық жүйенің бөлігі ретінде үдемелі түрде өзгеріп жатқан құбылыстарға үн қосып, қарапайым еңбекші халықтың игілігіне қызмет ету аталған ұйым мүшелеріне үлкен жауапкершілік жүктейді. Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев кәсіподақ ұйымдарының маңыздылығын атап, жиналғандарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.
– Тәуелсіздік ата-бабамыздың арманы, бүгінде біздің қолымыз жеткен құндылық. Егемендігіміздің 10 жылдығын атап өткенде саясаткер, сол кезде Вице-Премьер болған Иманғали Тасмағамбетов: «10 жыл – баланың жасы ғой. Еліміз тәй-тәй басып үлкен өмірге бет алып келеді. Асықпасақ, көптеген мәселе шешіледі. Ең бастысы тыныштығымыздың сақталуы» деген еді. Уақыт сынаптай сырғып өтті. Тәуелсіздігіміздің 28 жылдығын атап өтудеміз. Осы жылдар ішінде халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында көз алдымызда ауқымды жұмыстар жасалды. Десек те, Елбасымыз «Мәңгілік ел» болу мұратын алдымызға қойды. Терең тарихымызды жаңғыртып, тәуелсіздігімізді нығайта түсу – бәріміздің ортақ мақсатымыз, – деді Серік Рахметоллаұлы.
Мерекеге орай облыс әкімі Ғали Есқалиевтің атынан Ақжайық ауруханасының дәрігер-дерматовенерологы Л.Махметоваға, қалалық №44 мектептің директоры А.Темірхановаға, Тасқала аудандық мәслихатының бас маманы Г.Проценкоға, облыстық жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Ә.Ғабдоловқа, қысқы спорт түрлері бойынша облыстық балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры Т.Алтынбекұлына алғыс хат табыс етілді.
№2 балалар жасөспірімдер мектебі директорының орынбасары Б.Дәуелтова, Жоғары аграрлық-техникалық колледж директоры, қалалық мәслихат депутаты С.Мұхамбетәлиев, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының директоры Б.Бадашев Қазақстан Республикасы кәсіподақтары федерациясының «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ бірқатар белсенділер мен еріктілер облыстық кәсіподақтар орталығының, салалық кәсіподақтардың алғыс хаттарын алды.
БҚО кәсіподақтар орталығының төрайымы Айгүл Есекенова атап өткендей, адамдардың әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау – кәсіподақтың басты міндеті. Кәсіподақ үшін ұжымдық, жеке шарттардың жасалуы, еңбек қауіпсіздігін сақтау және қорғау, құқықтық-медиативтік көмек мәселелері өзекті болып қала бермек. Осы бағытта биыл кәсіподақ мүшелеріне 600-ден аса көмек көрсетілген.