Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы «Халықтық бақылау» жобасы өңір бойынша «үздік» деп танылды

Кәсіптік одақтар федерациясының төрағасы Ақтөбедегі жұмыс сапары барысында Қазақстан қара металлургиясының алғашқы қарлығашы – Ақтөбе ферроқорытпа зауытында еңбек ұжымымен кездесті.

Ералы Тоғжанов Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы қауіпсіздік және еңбекті қорғауды бақылауды күшейтуге бағытталған «Халықтық бақылау» жүйесімен танысты. Пилоттық жоба кәсіподақтардың бастамасымен осы жылдың мамыр айында іске қосылған. Осы өндіріс орнында мүгедектікке ұшыраған 16 қызметкер бүгінде бейнебақылау операторлары («халықтық бақылаушылар») болып жұмыс істейді. Бір оператор 13 камераны қарайды. Ауысым бойынша 4 сағаттан жұмыс жасайды. Әр бақылаушы ноутбук, модем және телефонмен қамтылған. Кәсіпорын интернет пен телефон байланысымен қамтамасыз етеді.

Қазір Ақтөбе облысындағы еңбек инспекциясы басқармасымен бірге бұл жобаны осындағы ірі және орта кәсіпорындарға тарату бойынша ақпараттық-талдау жұмыстары жүргізілуде.

Халықтық бақылаушы Бейбіт Нұртаев айтып өткендей, кәсіпорында жоба жүзеге асырылғанынан бері қауіпсіздік техникасының бұзылу фактілері едәуір төмендеген.

Оның айтуынша, биылғы жылдың тамыз айында еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзудың 380 фактісі анықталса, қараша айында бұл көрсеткіш екі есеге азайған.

Жалпы өңір бойынша 11 ай ішінде өндірісте 68 адам зардап шегіп, оның 11-і қаза болған.

«Адам өмірі мен денсаулығынан асқан құндылық жоқ. Жұмыс орнындағы әрбір жарақат алу оқиғасы кәсіподақтармен төтенше жағдай ретінде қарастырылуы тиіс», – деп атап өтті жоба нәтижесімен танысқан ҚРКФ басшысы.

Ералы Тоғжанов «Халықтық бақылау» жобасының тиімділігін атап өтіп, бұл тәжірибені еліміздегі зиянды жұмыс жағдайында еңбек ететін барлық кәсіпорындарға тарату қажеттілігін жеткізді.

Зауытта 4 400 адам жұмыс жасайды. Олардың барлығы – кәсіподаққа мүше. Кәсіпорынмен ұжымдық шарт 2020 жылға дейін бекітілген. Өндірістік кеңес 2017 жылдың наурыз айында құрылған. Техникалық инспекторлар саны – 55. Жыл басынан бері олар 537 еңбек құқығын бұзушылықты тіркеген. Жыл басынан бері жалақы орта есеппен 10% көтерілген. Зауыт жұмысшыларының

барлық мәселелері әлеуметтік әріптестік аясында жұмыс берушілермен бірге шешіледі.