НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Кәсіптікодақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов кәсіподақ ұйымдарына қандай сұрақтар көп қойылатындығы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бізге көбінесе жалақы туралы сұрақтар қойылады. Биыл кәсіподақтар ұйымдарына жалақыға қатысты 7 мыңнан астам азаматтан сұрақ келіп түсті. Оның 2300-ге жуығы нақты шешімдерін тапты», – деді Ералы Тоғжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. Сондай-ақ, ол еңбек қауіпсіздігіне байланысты сұрақтармен тұрғындар өтініш жасайды. «Жұмысшыларды қорғауға қатысты сұрақ көп қойылады. Жалпы көпшілік адам жұмысқа тұратын кезде жұмыс беруші арасындағы еңбек туралы келісімді оқымай, қол қойып, кейін жұмыстан шығатын кезде қарай бастайды. Бұл бағытта екі тарап та сауатты болуы керек», – дейді ол. Төраға бұдан басқа тұрғын үймен қамтамасыз ету, балабақшаға орналасу, алимент төлеу мүгедектер арбасымен қамтамасыз етуге байланысты сұрақтар қойылатынын, ол сұрақтарды тиісті министрлікке жіберіп жауап беретіндерін айтты.