baq.kz: “Ералы Тоғжанов: Еңбек дауына қатысты оқиғалар саны артқан”

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Кәсіптік одақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов шетелдік және отандық жұмысшылардың жалақы арасындағы диспропорцияға қатысты мұң-мұқтажы еленбей отырған мұнайшылардың шағымы бойынша “нақты қандай шаралар қолдандыңыздар?” деген тілшінің сауалына жауап берді.

  Федерация төрағасы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен бүгінгі баспасөз конференциясында әлеуметтік-еңбек саласындағы ахуал жөнінде айтып берді.

Нақты айтсам, Бас прокуратура мен Еңбек министрлігімен бірге 97 мекеме тексерілді. Осы 97 мекеменің ішінде 1006 жағдай анықталды. Оның 930 жағдайы бүгін шешімін тапты. Міне, бұл ең үлкен көрсеткіш. Оның ішінде жалақыға байланысты сұрақтар бар. Сонымен қатар, миграция заңын бұзып келген жағдайлар да бар. Үшіншіден өзінің мамандықтарына сәйкес емес қызметтерге тағайындаған фактілер де бар. Сондықтан, ашығын айтқанда оның 90% қалпына келтірілді,- деді  Ералы Тоғжанов.

Ол өткенде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сұрақты арнайы көтеріп қарағанын айтты.

 Барлық ұйымдар мен мемлекеттік органдарға тапсырма берілді. Оның аясында бұл тексерістер әрі қарай да жүргізіледі. Мен өзім барған облыстардың бәрінде ең алғашқы қойып отырған мәселе, әсіресе мынау шетелдік компаниялардың араласуымен болатын сұрақтар, – деп жауап қатты спикер.

Ол еңбек даулары мен кикілжіңдер туралы сөз қозғағанда, Кәсіптік одақтар федерациясының басшысы көп жағдайда еңбек даулары бастауыш кәсіподақ ұйымдары құрылмаған кәсіпорындарда орын алатынын атап өтті.

Оның сөзіне сүйенсек, биыл еңбек дауларына қатысты оқиғалар саны артқан.

Соңғы 3 айдың ішінде 18 ұжымдық еңбек дауы тіркелген. Мәселен, Маңғыстау облысында – 7 жағдай, Алматыда – 5, Ақтөбе облысында – 2 оқиға орын алған, – деді төраға.

Еңбек даулары көп жағдайда төмен жалақы; шетелдік және отандық жұмысшылар арасындағы жалақыда диспропорция; жұмыс берушілердің жұмысшылар талабын ескермеуі, әріптестіктен және өзара тиімді шешімдерді қарастырудан бас тартуы; еңбек саласы және кәсіподақ қызметі жөніндегі қолданыстағы заңнаманың кемшілігі салдарынан орын алатын болып шықты.

https://baq.kz/news/othernews/enbek-dauy/?sphrase_id=22417776