Елорда әкімі Алтай Көлгінов пен Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов жұмыскерлердің еңбек жағдайын жақсарту, жұмыс орындарындағы жарақаттануды азайту және қала кәсіпорындарында ұжымдық шарттар жасау бойынша Жол картасына қол қойды. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Бірлескен іс-қимыл жоспары сондай-ақ жұмыс берушінің, қызметкердің және қала әкімшілігінің өзара жауапкершілігін арттыруға, қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау жөніндегі шараларды күшейтуге, салауатты жұмыс күшін қалыптастыруға бағытталған.
Қала әкімі Алтай Көлгінов елордада 50 мың кәсіпорын тіркелгендігін, онда 480 мың қызметкер жұмыс істейтіндігін айтты. Осы жылдың ішінде жасалған еңбек шарттарының саны 4 мыңнан 7 мыңға дейін, екі есе артты.
«Біз үшін ең бастысы – қызметкерлердің мүдделері мен құқықтарын қорғау, қауіпсіздік техникасы ережелерін сақтау. Ұжымдық шарттар өндірістік жарақаттар санын азайтуға мүмкіндік берді, өлім-жітім жағдайлары 3 есеге төмендеді. Сондай-ақ, «GLB» ЖШС жалақы бойынша 400 млн теңгеден астам қарызын өтеді. Онда 700-ден астам адам еңбек етеді. Жол картасының арқасында 2020 жылы ірі және орта кәсіпорындар қызметкерлерін 100% ұжымдық келісіммен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз, шағын ұйымдарда көрсеткішті 50%-ға дейін жеткіземіз», – деді Алтай Көлгінов.