Еңбек ардагерлерін ұлықтауға арналған салтанатты мәжіліс

Атырауда 26 желтоқсан күні «Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен еңбек ардагерлерін ұлықтауға арналған салтанатты мәжіліс  өткізілді.

Еңбек адамын марапаттауға арналған шара Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесі аясында және Жаңа жылымызбен тұспа-тұс ұйымдастырылды.

Мұнай-газ саласы – Қазақстан экономикасының күретамыры.

Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында  ата-бабадан қалған аманат- жер асты байлығын халықтың ырзық-несібесіне айналдырып, бай қазынамызды сақтап, қадірлеп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде мұнайшылардың еңбегі зор.

Бүгінде Республикамыздың мұнайлы астанасы атанған Атырау атырабы Қазақстан Республикасы экономикасына, жалпы елдің дамуына, өсіп өркендеуіне сүбелі үлесін қосып отырған өлке. Осы қасиетті өлкеде жер қойнауынан аспанға бұрқақша атқылап, әлемді тамсандырған қазақ мұнайына биыл 120 жыл толса, Теңіз мұнай кенішіне 40 жыл толғаны республика көлемінді тойланған болатын.

Осы орайда, Қазақстан Республикасы Президенті Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен туған өлкені өркендету жолында тер төгіп, абыроймен  қажырлы еңбек  етіп жүрген  мұнайшы «Теңізшевройл» ЖШС қызметкері Жексенбаев Теңелбай Сүйесінұлы Қазақстан Республикасының  мемлекеттік III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды.

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісімен  осы компания қызметкері Меңдіғалиев  Ғабит Қилымұлы марапатталды.

Салалық кәсіподақ қозғалысының дамуына, қызметкерлердің әлеуметтік – еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауына үлес қосқаны үшін, «Теңізшевройл» компаниясының бастауыш кәсподақ ұйымының төрағасы Әдбдиев Мұрат Сағынғалиұлы мен осы компания қызметкері Жұматова Мадина Бисехатқызы кәсіподақтардың жоғарғы наградасы ҚР-сы Кәсіподақтар Федерациясының «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Мұнай-газ саласын өркендетуге қосқан сүбелі үлесі үшін сервистік компания «Нефтестройсервис ЛТД» ЖШС-ның қызметкерлері Әлібек Утепов,  Роза Бөлекова, Исахжан Расулметов «Қазақстан мұнайына 120 жыл» мерекелік медалімен марапатталса, осы компанияның қызметкері Бахыт Байрахметқызы Атырау облысы әкімінің алғысхатымен марапатталды.

«Теңізшевройл» компаниясының қызметкерлері Мұрзабаев Ахметжан  Тұрғанбайұлы,  Сейтқазиев Әйбек Ғайноллаұлы,  Қожахметов Бауыржан Қадіржанұлы «Қазақстандық  мұнай – газ  кешенінің салалық кәсіптік одағы»  қоғамдық бірлестігінің «Алғыс хатымен»  марапатталды.

Бірқатар кәсіподақ мүшелері «Адал» мұнай-газ кешені, сервистік және басқа компаниялардың жергілікті кәсіптік одағы” қоғамдық бірлестігінің  Құрмет Грамотасымен марапатталып, оларға «Технодом» сауда үйінің сыйлық сертификаттары табысталды.

Атырау облысына танымал дәстүрлі әншілердің әсем сазды әніне бөленген салтанатты жиын мұнай-газ саласы қызметкерлеріне деген кәсіподақ құрметінің тағы бір мәнді де сәнді көрінісі болды.