Ақтөбе облысының кәсіподақ белсенділері ҚР Парламенті Сенатының депутаттарымен кездесті

Бүгін Ақтөбеде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Марат Тағымов және Мұхтар Жұмағазиевтің қатысуымен «Ақтөбе облысының агроөнеркәсіптік кешенінің дамуы» атты дөңгелек үстел өткізілді.

Дөңгелек үстелдің отырысына Ақтөбе облысы Кәсіподақтар Орталығының төрағасы А.Әмірғалиев, облыстың кәсіподақ белсенділері мен олардың мүшелері, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың басшылары қатысты.

Жиын барысында Сенат депутаттары өткен жылы қабылданған және 2020 жылы қабылданатын әлеуметтік маңызы бар бірқатар заңдар туралы, ауыл шаруашылығын субсидиялау, дамыту, қаржыландыру, лизинг жасау, сонымен қатар мал – ауыл тұрғындарының негізгі күнкөрісі болғандықтан, оның маңыздылығы ескеріліп, мал ұрлығына қатысты жаза күшейтілетіндігі жайлы хабардар етіп, кәсіподақ белсенділері мен жұмысшылардың қойған сұрақтарына жауап берді.

Өз кезегінде Кәсіподақтар Орталығының төрағасы көтерілген сұрақтар бойынша өз пікірін білдіріп, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбек адамына лайықты жағдай жасау туралы өзекті мәселелерді қозғады.

Сенат депутаттары көтерілген өзекті мәселелерді шешу төңірегінде тиісті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс жасайтынын жеткізді.