Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасымен баспасөз конференциясы өтті

15 қаңтарда ​ Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі Өңірлік коммуникациялар қызметінде ​ 2019 жылда атқарылған жұмыстар туралы баспасөз конференциясы өтті. ​

Брифингке бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен «Қазақстан Қызылорда», «ҚоғамТВ» телеарналары, «Сыр бойы», «Кызылординские вести» облыстық газеттері, «Ақпарат kz», «Тіл мерейі» республикалық газеті журналистері қатысып, сұхбаттасты.

Баспасөз конференциясында «Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы С.Сермағамбетов 2019 жылдағы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі қызметінің қорытындысы бойынша ақпарат беріп, өзекті мәселелерді, алдағы жоспарларды атап өтті. ​ Журналистерге ​ әлеуметтік әріптестік аясындағы жұмыстар, ​ облыстық келісімнің, Ұжымдық шарттардың орындалу барысы, еңбек дауларын Келісу комиссиясында шешу мәселесі, еңбек қауіпсіздігі мен еңбек жағдайын жақсарту шаралары, өндірістік кеңес пен техникалық инспекторлар жұмысы жайлы ақпараттар берілді.

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен еңбек дауларын сотқа дейін шешудегі кәсіподақтар ролі, еңбек адамдарының мәртебесін көтеру, үздік жұмыскерлер өмірін насихаттау туралы сұрақтар қойылды. Сонымен қатар, кәсіподақтардың танымалдығы мен пәрмендігін арттыру бағытындағы жұмыстар бойынша пікір алмасу болды. Еңбек қатынастарын реттеу бойынша Кәсіподақтар федерациясынан Үкіметке ұсынылған ұсыныстар, заңнамалық өзгерістер, жұмыскерлердің еңбек-әлеуметтік жағдайлары, еңбек қауіпсіздігі мәселелері туралы өңірлік деңгейде облыстық кәсіподақтар бірлестігінен жергілікті атқарушы органға, әлеуметтік әріптестерге жолданған ұсыныстар жайлы әңгімеленді.

Айта кету керек, Қызылорда облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігі облыс көлемінде 1025 кәсіподақ ұйымында 98718 кәсіподақ мүшелерін біріктіріп, жұмыстарын үйлестіріп отыр.