Шымкентте Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Үйлестіру кеңесінің күн тәртібінде «Түркістан облысы және Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі мен салалық кәсіподақтармен бірлесе атқарған жұмыстар қорытылды.
Үйлестіру кеңесіне Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Берік Бекжанов пен салалық кәсіподақ басшылары мен бірлестік өкілдері қатысты.
Жалпы, өткен жыл кәсіподақтар үшін тындырымды жұмыстарға толы жыл болды. Жұмыскерлердің айлық жалақыларын көтеру, еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау бойынша түрлі кездесулер ұйымдастырылды. 4 ауданда 47 еңбек ұжымдарымен кездесу мен 21 семинар-кеңестер өткізіліп, оларға 9 мыңнан астам адам қатысты.
Түркістан облысында 17 қала, ауданда 44 еңбек ұжымдарымен кездесу мен 16 қала, ауданда 57 семинар-кеңестер өткізіліп, оларға 15 мыңнан астам адам қатысты. Жалақы қарызын өндіруде де өнімді жұмыстар атқарылды. Үшжақты комиссиямен жалақы қарыздарын шешу бағытында тиісті жұмыстар атқарылып, 11 кәсіпорында 1344 жұмыскер мен қызметкерлер алдында 214,3 млн. теңге жалақы қарызы анықталып, жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 8 кәсіпорында толығымен және 2 кәсіпорында ішінара, жалпы алғанда 164,0 млн. теңге жалақы қарыздары төленді.
1313 жұмыскерлер мен қызметкерлердің еңбек құқықтары қорғалды. 2018 жылмен салыстырғанда жалақы қарызы бар мекеме саны бірдей, ал жұмыскер саны 51-ге және мекемелердің жұмыскерлерге жалақы қарызының соммасы 47 млн. 387 мың теңгеге азайған.
Бұл бағыттағы жұмыстар Шымкентте де жемісті өрбіді. Үшжақты комиссиямен жалақы қарыздарын шешу бағытында тиісті жұмыстар атқарылып, бір жылда 10 мекеменің 1293 жұмыскер алдындағы 192,8 млн. теңге жалақы қарызы анықталды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 3 мекемеде жалақы қарызы толық өтелген және жалпы 179 млн. теңге жалақы қарызын өтеу нәтижесінде 1220 жұмыскерлердің еңбек құқықтары қорғалды. Татуласу орталығының жұмысы көңіл қуантарлық. Орталықта жалпы бір жыл ішінде 470 адамға көмек көрсетілген. Медиациялық процеспен дауларын шешуге келген азаматтар 282, оның барлығы бітімгершілікпен сәтті аяқталған. Оның ішінде, еңбек дауы бойынша келгендер 34 болса, оның барлығы бітімгершілікпен сәтті аяқталған. Кәсіподақтықтардың өңірдегі жұмыссыздықты алдын алуға бағытталған жұмыстары да өз жемісін беруде.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында, «Шымкент кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі жанындағы оқу орталығында, былтырғы жылы 100 жұмыссыз азамат 3 айлық, қысқа мерзімдік курста оқып шықты. Оның ішінде 50 адам «тігінші» мамандығында, 25 адам «жиһаз жинақтаушы» және 25 адам «электргаздәнекерлеуші» мамандықтары бойынша 3 ай бойы білім алды.
Ал жарылыстан зардап шеккен Арысқа көрсетілген көмек өз алдына бір төбе. Сындарлы кезеңде еліміздегі ең ірі ұйым елдік пен бауырмашылдықтың үлгісін көрсете білді. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының басшылығы былтыр Арыс қаласының кіре берісіне жоба бойынша құны 30,0 млн. теңгенің қала қақпасының құрылысын аз уақыт ішінде аяқтап, маңызды нысанды ел игілігіне тапсырды. Сонымен бірге 40 адамға шипажайларға жалпы құны 4,0 млн. теңгені құрайтын жолдамалар тапсырды. Іс-шаралар жалғасы Арыс қаласындағы «Мұз тау» мейрамханасында 150 адамға дастархан жазылып, құрбан айт күнінде ас берілді. Кәсіподақ бірлестігінің бастауымен Арыста «Бірыңғай қызмет көрсету орталығы» ашылды. «Келешек» жастар қанатының белсенділері Арыста сенбілік ұйымдастырды.
Өткен жылы атқарылған осынау шаралар қорытылған жиында биылғы жылдың жоспары да пысықталды. Жұмысшы мәртбесін көтеріп, еңбеккердің құқын қорғайтын кәсіподақттықтардың биылғы мақсаты да биік, атқарар шаруасы да айтарлықтай. Үйлестіру кеңесінде үстіміздегі жылдың жоспар-жобалары ортаға салынып, оларды сапалы орындау тұрғысында бірлесіп жұмыс жүргізу жолдары қарастырылды.