Талдықорған қаласында жастар Кеңесі құрылды

Кәсіподақ жас ұстаздарға көңіл бөліп келеді.  Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының жанынан құрылған жастар Кеңесінің құрамы толықты.

Өткен жылдың басында қайтадан құрылған Талдықорған қалалық филиалы жас ұстаздармен жұмыс істей бастады. Құрамында 32 бастауыш кәсіподақ ұйымы, 1863 мүше бар филиал жастар Кеңесін құрды. Алғашқы отырысына Талдықорған қалалық филиалының төрағасы Мэлс Төлепбергенов арнайы қатысып,  жақында қабылданған «Педагог  мәртебесі туралы» Заңының маңызды бағыттарына тоқталып, кәсіподақтағы жастар саясатының шеңберін түсіндіріп берді.

Сонымен қатар, жаңадан құрылған жастар Кеңесіне зор үмітін артатынын айтып кеңес жұмысына сәттілік тіледі.

Орта білім беру мекемелерінің мамандары ойларымен бөлісіп, жастар Кеңесінің төрағасы ретінде қалалық филиалдың маманы Дархан Шакеновты тағайындады.

Белсенді кәсіподақ мүшелері жылдық жұмыс жоспарын бекітіп,  Кеңес мүшелерін нақтылап алды.