Ерікті болу – ермек емес, ерен еңбек

Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов қаланың белсенді жастарымен бейресми еркін форматта кездесу өткізді.

Шараға Түркістан облысы, Шымкент қаласы ”Кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігі жанындағы “Келешек” жастар қанатының белсенділері, «Жас Отан» Жастар қанаты және жастар ресурстық орталығының өкілдері, студенттер, жастар мәслихатының депутаттары, ерікті жастар, қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысты.

Кездесу барысында Ғабит Патшаханұлы шымкенттік жастардың белсенділігіне ерекше тоқталып, “Еріктілер жылы” атқарылатын жұмыстарды талқылап, ел игілігі үшін аянбай еңбек ету керектігін айтты. Кездесуде сөз алған жастар өз идеялары мен ойларын ортаға салды.

Сондай-ақ, өз ойын ортаға салған белсенді жас, Шымкент қаласы ”Кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің жанындағы “Келешек” жастар қанатының төрайымы Жібекжан Нұрмахамедова еріктілік қазақ халқы үшін жат ұғым еместігін, ежелден қазақ халқында “Асар” деген сөз барын және Арыста орын алған жарылыстан кейін 7 жастан 70 жасқа дейін ерікті жандар қол ұшын созып, қолдан келген көмегін аямағанын айтты.

Жібекжан Андасбекқызы, өз сөзінде “Еріктілер жылы” және “Шымкент қаласы – ТМД елдерінің мәдени астанасы” жылы аясында қаланың тұрғындарына өте үлкен жауапкершілік артылып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, ол “Келешек” жастар қанатының атқаратын жұмысына да тоқталды. Оның айтуынша, “Келешек” жастар қанаты еңбек жастарына олардың құқығы туралы мәлімет беріп, болашақта еңбек адамы болған кезде кәсіподақ қатарына тартуды мақсат тұтып отыр.