zakon.kz: “Естелік акциясы: Кәсіподақтар Иванов облысында жерленген жауынгердің немересін тапты”

Ұлы Отан соғысы жылдары қаза тауып, Ресей Федерациясының Иванов облысындағы әскери зиратта жерленген 108 қазақстандық жауынгерді іздеу жұмыстарының нәтижесінде қатардағы жауынгер Абдурахманов Каухиттың немересі Каухитов Қайрат Жарасұлы табылды. Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан және хабарсыз кеткен жауынгерлерді іздеу шараларын жүргізетін «Еуразиялық сұхбат» атты Халықаралық қордың деректері бойынша 1901 жылы туған Абдурахманов Каухит 1943 жылдың 9 мамыр күні қаза тауып, Ресей Федерациясының Иванов қаласындағы «Соснево» зиратында жерленген.

 Солтүстік Қазақстан облысының Кәсіподақтар орталығы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына орай Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы жариялаған Естелік акциясына белсенді үн қосты. Сөйтіп, шайқас даласында қаза тапқан 108 қазақстандық жауынгердің тізімі облыстық, аудандық, қалалық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жарияланып, олардың туыстарын іздестіру жұмыстары басталды. Атаулы игі іске кәсіподақтардың ықпалымен қорғаныс ісі департаменті мен оның аудандық бөлімшелері, Солтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік мұрағаты, облыстық, қалалық және аудандық ардагерлер кеңесі, облыстың кәсіподақтар белсенділері, еңбек ұжымдары, студент жастар мен еріктілер жұмылдырылды. Акцияға қатысушылардың бірлескен іс-қимылдары нәтижесінде жауынгер Абдурахманов Каухиттың немересі – Каухитов Қайрат Жарасұлы табылды. Қайрат Жарасұлы Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Кирилловка селосында тұрып жатыр. «Көкжайлау Грейн» ЖШС директорының орынбасары. Айта кету керек, аталған ауылшаруашылық серіктестігінде кәсіподақ ұйымы бар, белсенді қызмет атқарып отырған бастауыш ұйымның төрағасы Зосько Анатолий Васильевич. Серіктестік өз қызметкерлерінің алдындағы жоғары әлеуметтік жауапкершілігін қамтамасыз ететін ұжымдық келісімшартқа отырған. Кәсіпорын бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша республикалық «Парыз» байқауына бірнеше дүркін қатысқан.

 Қайрат Каухитов жуық арада туысқандарымен бірге жауынгер бабасының жатқан жеріне барып, рухына тағзым етуді жоспарлап отыр.

 Ал Солтүстік Қазақстан облысының Кәсіподақтар орталығы Жеңіс жолында жанын қиған батыр бабаларымыздың есімін мәңгі есте сақтау үшін олардың туған туыстарын іздеуді жалғастыра береді.

ҚР Кәсіптік одақтар федерациясының баспасөз қызметі

https://www.zakon.kz/5008065-aktsiya-pamyati-profsoyuzy-nashli.html