«SENIM» салалық кәсіподағының республика көлемінде атқарған ауқымды жұмыстары айтылды

«SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Ерқозы Батырбеков бастауыш кәсіподақ ұйымдары басшыларымен кездесті.

Жиын барысында Ерқозы Тілеуханұлы салалық кәсіподақтың 2019 жылы атқарған жұмыстары бойынша есеп берді. Оның сөзінше, былтыр салалық кәсіподақ республика көлемінде 82 жас маманға 500 мың теңгеден “қаржылай сертификат” табыстаған. Сонымен қатар,  52 дәрігерге   баспана  сатып алу үшін  бастапқы төлемнің  20 пайызына тең,  жалпы сомасы 98 миллион теңге болатын  “тұрғын-үй сертификаттарын”  берген.

Сонымен қатар, туберкулезге шалдыққан студенттерге жазылып шыққанға дейін 10 АЕК көлемінде жалпы сомасы 352 мың теңгеге жәрдемақы төленген және 138 медицина саласының қызметкерлеріне 250 мың теңгеден жалпы сомасы  34 миллион 500 мың теңге болатын “қаржылай сертификат” табысталды.

Есеп беру кездесуінің күн тәртібіне сәйкес  тексеру комиссиясына және атқару комитетінің құрамына өзгеріс енгізу мәселесі мен 2020 жылға жоспарланған іс-шаралар талқыланып, тиісті тапсырмалар берілді.