Нұр-Сұлтан қаласындағы Кәсіподақтар үйінде Кәсіподақтар федерациясы мен «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В» (ҚПО) Консорциумы арасында ынтымақтастық және өзара әрекеттестік туралы корпоративтік-әлеуметтік келісім бекітілді, – деп хабарлады Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметі.
Құжатқа ҚРКФ төрағасының міндетін атқарушы Сатыбалды Дәулеталин мен «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В» консорциумының бас директоры Эдвин Блом қол қойды.
Кәсіподақтар федерациясының басшысы атап өткендей, бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш корпоративтік-әлеуметтік келісім. Құжат ірі компания мен республикалық кәсіподақ бірлестігі арасындағы әлеуметтік әріптестікті дамытудағы негіз құжат болмақ.
«Біз корпоративтік әлеуметтік жауапкершілікті жұмысшылардың еңбек құқығын қорғаудың тағы бір құралы деп есептейміз. Бүгін қол қойылған келісім еліміздегі әлеуметтік-еңбек қатынастарын дамытуда айырықша маңызға ие және біз бизнестің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын жүзеге асыруға деген талпыныстарын әрқашан қолдаймыз. Бұл келісім әлеуметтік-еңбек саласындағы қарым-қатынастарды нығайтуда, салалық келісімдер мен ұжымдық шарттарды дамытуда жаңа мүмкіндік болмақ», деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.
Сонымен қатар, ол осы келісімге қол қоюға бастамашы болған ҚРКФ бұрынғы төрағасы Ералы Тоғжановқа ерекше ризашылығын білдірді.
Сатыбалды Дәулеталин сонымен қатар, Эдвин Бломға Кәсіподақтар Федерациясының бастамасына қолдау білдіргені үшін және корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік идеологиясын дамытуға қосып жатқан үлесі үшін алғысын жеткізіп, ҚПО- мен бекітілген ұжымдық келісімнің тиімділігін атап өтті.
«Онда еңбекақыны индексациялау, денсаулығына байланысты уақытша еңбекке жарамсыз кезінде төленетін ақыны көбейтілген көлемде беру, көпбалалы отбасыларына материалдық көмек көрсету, шипажайда сауықтыруды төлеу, жұмыс берушінің қабылдайтын жергілікті актілерін кәсіподақ ұйымдарымен қабылдау және өзге де мәселелерді келісіп шешу қарастырылған. Осындай әлеуметтік әріптестер көп болса екен. Бұл келісім басқа да ірі жұмыс берушілерді ҚРКФ бастамасын қолдауға және жаңа корпоративтік әлеуметтік келісімдерге қол қоюға және өз жұмысшылары үшін бұрынғыдан да лайықты жағдай жасауға ынталандырады»,-деді Сатыбалды Дәулеталин.
ҚПО Бас директоры Эдвин Блом өз кезегінде ҚР Кәсіподақтар федерациясына ризашылығын білдірді.
«Біздің ҚПО копоративтік келісім жасауда алғашқы компания ретінде таңдалып алынуы мен үшін үлкен мәртебе. Біздің компания ұзақ жылдар бойы ҚПО-ның 4 мың жұмысшысы мен компанияның мердігерлік ұйымдарындағы 15 мың жұмысшының мүдделерін қорғайтын үш кәсіподақ ұйымымен бірге жұмыс істеп келеді. ҚПО мен аталған кәсіподақ ұйымдары арасында бекітілген ұжымдық шарт биыл Қазақстан бойынша ең үздік шарттардың бірі деп танылғаны кездейсоқ емес», – деді Эдвин Блом.
Оның айтуынша, ҚПО кадрлардың арасында қазақстандықтардың үлесін көбейтуге ерекше көңіл бөліп отыр. Бүгінгі күні компания осы бағыттағы төртінші бағдарламасын жүзеге асыруда. Оның аясында инженерлік және кәсіби позициялардағы жергілікті кадрлардың үлесі 69 пайыз, ал басқарушы құрамның үлесі 76 пайызға жеткен.
ҚПО қазақстандық жұмысшылардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында арнайы тиренингтер өткізіп тұрады. Қазірдің өзінде бұған 225 миллион АҚШ доллары жұмсалған.
«Аталған келісімге қол қою біздің компания жұмысшыларының әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлес қосады деген сенімдемін. Бұл бізге ұжымдық келісімнің көмегімен бизнесті әрі қарай қалай жүргізу керек деген мәселеде ортақ келісімге келуге мүмкіндік береді. Біз ҚРКФ және өзіміздің үш кәсіподақ ұйымдарымен әлеуметтік әріптестікті одан әрі жақсартудағы жұмысымызды жалғастырамыз. Бұл жұмыс Қазақстанның болашақ ұрпағы үшін тұрақты мұра қалдыруға бағытталған ортақ мақсатқа негізделетін болады»-,деп сөзін қорытындылады ҚПО Бас директоры Эдвин Блом.
Корпоративтік әлеуметтік келісім ірі компания мен республикалық кәсіподақ бірлестігі арасындағы әлеуметтік әріптестікті дамытудағы негізгі құжат.
Ынтымақтастық аясында тараптар жұмысшылардың әлеуметтік-еңбек қатынастарын сақтау мен қорғау, лайықты еңбек жағдайын жасау, еңбекті қорғау, денсаулық және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында әрекеттестікті нығайтпақ.
Ынтымақтастықтың басым бағыттарының қатарында еңбек жанжалдарының алдын-алу мен болдырмау және қоғамда әлеуметтік тұрақтылықты сақтау бар.
Анықтама үшін: ҚР Кәсіподақтар Федерациясы – 2 миллион адамның басын біріктіретін елдегі ең ірі қоғамдық бірлестік. Федерация құрамына 17 аумақтық және 24 салалық кәсіподақ бірлестіктері кіреді. ҚРКФ қызметі әлеуметтік әріптестік негізінде жұмысшылардың әлеуметтік-еңбек құқығын қорғауға бағытталған. Бүгінгі күні елімізде 120 мың ұжымдық шарттар жасалған. Бұл жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың 45 пайызын қамтиды. Аталған кәсіпорындардың 98 пайызында кәсіподақ құрылған және жұмыс істеп тұр.
«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В» Консорциумы – Қазақстанның солтүстік-батысында орналасқан әлемдегі ірі мұнай және газ конденсаты кен орны. Ауданы 280 шаршы шақырымнан асады. Компания Қазақстанның газ өндіру саласындағы көшбасшысы. 2018 жылы ҚПО 148 миллион барель мұнай өндірген. Бұл рекордтық көрсеткіш болып саналады.
Әлеуметтік жауапты компания өзінің өндірістік қызметін жүзеге асыру барысында жергілікті тұрғындар мен жалпы Қазақстан халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайын барынша жақсарту мақсатында Қарашығанақ кен орнының әлеуетін тиімді пайдалануға ұмтылып отыр.
https://aikyn.kz/qazaqstanda-alghashqy-korporativtik-aelewmettik-kelisimge-qol-qojyldy/