ПМУ-де коммуникация саласындағы сарапшы, Ericson International коуч Алина Хаматдинованың қатысуымен әйелдер көшбасшылығы бойынша тренинг өтті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
С. Торайғыров атындағы ПМУ коворкинг орталығында өткен тренингті Павлодар облысы кәсіподақ орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі ұйымдастырды. – Әйелге көшбасшылық қасиеттер қажет пе? Өз ортаңда теріс көріністермен қалай жұмыс істеуге болады? Жұмыс пен отбасылық өмірдің арасында қалай әдемілік пен денсаулыққа көңіл бөлуге болады деген өзекті сұрақтар қойылды, – дейді Алина Хаматдинова.
– Әйел адам өзін бақытты сезіну үшін отбасы, жұмыс және қоғамдағы орны мен өзінің кім екенін түсіну маңызды болып табылады. Осы орайда, тренинг барысында 21 ғасырда көшбасшылықтың жаңа дағдылары талқыланды. Сонымен қатар, өмір балансы туралы айтылды. Бірлестік төрайымы Динара Айтжанова тренинг көптеген әйелдер зиянды және ауыр еңбек жағдайында жұмыс істегендіктен, оларды қолдау мақсатында ұйымдастырылғанын атап өтті.
– Облыста 137 мың кәсіподақ мүшесінің 52 пайызы әйелдер қауымы, – дейді Динара Айтжанова. – Бүгін әрбір кәсіподақ саласының өкілдерін жинадық. Өткен жылы еңбекшілер форумын өткізген болатынбыз. Бүгін сол шара халықаралық әйелдер күні қарсаңында жалғасын тапты. Әйел адамдар үлгі тұтарлық жандар. Олар тынбай еңбек етеді. Өз кәсіпорнына пайда әкеледі және қоғамдық қызметпен айналысады. Сондықтан осындай тренингтер арқылы оларға қолдау көрсеткіміз келеді. Семинарға қатысушылардың бірі «Трамвай басқармасы» кәсіподақ комитетінің төрайымы Айжан Омарова.
– Бүгін өткізілген семинарға қатысып отырғаныма өте қуаныштымын, – дейді Айжан Омарова. – Менің ойымша, барлық әйелдер үшін өте маңызды тақырып талқыланды. Спикердің деңгейі өте жоғары. Мен өзіме көп нәрсе алдым, көп нәрсеге көзқарасым өзгерді. Барлығымызда көшбасшылық қабілет бар екенін түсіндім, бірақ бұл қасиетті ашу және дамыту керек екен.
http://pavlodarnews.kz/index.php?id=34379