Төтенше жағдай кезінде әлеуметтік нысандардағы қызмет алушыларға, қарттарға, мүгедек жандарға үздіксіз қызмет көрсету мақсатында әлеуметтік қызметкерлер жұмысын жалғастыруда.
Жұқпалы індеттің таралуын болдырмау үшін Қызылорда облысының әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында 177 қызметкер 20 күнге дейінгі мерзімге орталықтарда қалып жұмыс істеуге көшірілді. Олардың жатын орындары дайындалып, ыстық тамақпен қамтамасыз етілуіне бастауыш кәсіподақ ұйымдары мен “Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының” Қызылорда облыстық филиалынан қаражат бөлініп, азық-түліктер жеткізілді.
Төтенше жағдай жарияланғалы салалық кәсіподақтың облыстық филиалы Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарына, Мүгедектерге арналған оңалту орталығына, Мемлекеттік кірістер департаментіне, Жұмылдыру және шұғыл талдау орталығына, Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне кәсіподақ мүшелеріне барлығы 667 дана көпреттік бетперде таратты.