Індетпен күрес қарқынды жүруде

Ақтөбе облысының медицина қызметкерлері казіргі таңда індетті жеңу мақсатында бар күш-жігерін аямауда. Осы еңбекті ескеріп, мемлекет өз тарапынан медицина қызметкерлеріне үлкен қолдау көрсетуде.

Солардың бірі – Ақтөбе облыстық инфекциялық ауруханасының инфекционист-дәрігері, бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшесі Майра Нұрғалиева. Ол кісі індет жұқтырған алғашқы науқас тіркелген күннен бастап дамылсыз еңбек етіп келеді.

«Аурухананың жұқпалы аурулар ауруханасында еңбек еткеніме 15 жылдан асты. Санитарлық талаптар қатаң сақталған, арнайы киімдермен жүреміз, қауіпсіздік шараларына өте ұқыпты қараймыз, барлық жағдай жасалған. Біз – індет жұқтырған науқастармен тікелей қарым-қатынастағы топтамыз. Бұл сын сағаттарда басын қатерге тігіп, үлкен жауапкершілікпен жұмыс жасап жатқан медицина қызметкерлеріне үстемақыны беру деген – үлкен көмек. Қолдау жасап жатқан біздің кәсіподаққа да алғысымыз шексіз», -деді инфекционист-дəрігер.