Халықаралық еңбек ұйымының (International Labour Organization, ILO) бастамасымен дүние жүзі бойынша жұмыс орындарында жазатайым жағдайлар мен кәсіби аурулардың алдын алуға жәрдемдесу, сондай-ақ еңбекті қорғау мәдениетін қалыптастыру және насихаттау мақсатында 28 сәуір күні Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні аталып өтеді. Бұл ақпараттық-түсіндіру кампаниясы еңбекті қорғау саласындағы мәселелер мен еңбек қызметіне байланысты жарақаттардың, аурулар мен жазатайым жағдайлардың артуына қоғам назарын аударуға арналады. Алғаш рет бұл күн 2003 жылдан бастап аталып өтетін болды.
Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнін атап өту идеясы 1989 жылы американдық және канадалық еңбеккерлер жұмыс орындарында жарақат алған немесе қаза болған жұмысшыларды еске алу мақсатында алғаш рет атап өтілген қаза болған еңбеккерлерді еске алу күнінен бастау алады.
2020 жылы Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнінің тақырыбы «Пандемияны тоқтату: жұмыстағы қауіпсіздік пен денсаулық адам өмірін сақтап қалады» деп жарияланды.
ХЕҰ мәліметтері бойынша жыл сайын дүние жүзі бойынша 2,3 млн. астам еңбеккерлер жұмыс орындарында жазатайым жағдайдан немесе кәсіби аурулардың салдарынан қаза болады. ТМД елдерінде жыл сайын 12 миллионға жуық адам өндірістегі жазатайым жағдайдың құрбаны болады.
Сонымен қатар, жыл сайын жұмысшылар өндірісте 270 млн жазатайым жағдайдан зардап шегеді, өз кезегінде еңбекті қорғау стандарттарының дұрыс сақталмауы нәтижесінде жаһандық экономикаға 4% ЖІӨ көлемінде шығын келеді.
Елімізде кәсіпорындарында жыл сайын 1300-ден астам қызметкер жарақат алады. 2020 жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша зардап шеккендердің саны 341 адамды құрады.
Зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында 2019 жылы 370 мыңнан астам қызметкер жұмыс істеді: шу мен дірілдің жоғары деңгейі жағдайында әрбір екінші (45,9%), жұмыс аймағының жоғары газдануы мен шаңдануы жағдайында әрбір үшінші (32,6%) жұмыскер еңбек етті. 94 мың адам немесе сауалнамаға қатысқан кәсіпорындар қызметкерлерінің санынан 5,6%-ы ауыр дене еңбегімен айналысқан.
Өткен жылы 676 мың қызметкер зиянды еңбек жағдайларындағы жұмыс үшін 128 млрд. теңге көлемінде түрлі өтемақы алды.
Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні аясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жұмыс берушілерге, кәсіподақтар мен еңбек ұжымдарына «Қауіпсіз еңбек» ұранымен іс-шаралар өткізуге, сондай-ақ «Vision Zero» нөлдік жарақаттану тұжырымдамасына қосылуға шақырды.
Өз үндеуінде Еңбек министрі Қазақстанда 2020-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 255 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланғаны туралы айтты.
“Жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарының санын азайту мақсатында ҚР Үкіметінің қаулысымен 2019 жылы Өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі 2019 – 2023 жылдарға арналған жол картасы бекітілді. Ұйымдарда еңбекті қорғауды басқару жүйесін енгізу тетігін көздейтін еңбек мәселелері жөніндегі заң жобасы Парламент Сенатының қарауында. Заң жобасы қабылданғаннан кейін еңбекті қорғауды басқару жүйесі жұмысшылардың қауіпсіздігі мен денсаулығының сақталуына жұмыстағы қауіпті факторлардың әсерін анықтау үшін олардан туындайтын тәуекелдерді талдауға негізделетін болады”, – дейді Біржан Нұрымбетов.
Бүгінгі таңда Кәсіподақтар федерациясының қызметінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселесі басым бағыттардың бірі болып табылады. Осы орайда әр кәсіпорында бекітілген еңбек, ұжымдық шарттарда әр жұмысшының денсаулығы мен жұмысқа қабілеттілігін сақтау басым орында болуы тиіс. Әлеуметке бағдарланған кез-келген кәсіпорын бәрінен бұрын апаттың, жарақаттанушылықтың және кәсіби аурулар деңгейін төмендетуге мүдделі.