Ел үшін ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген дәрігерлерге арнап, ҚР Кәсіподақтар федерациясы Facebook әлеуметтік желісінде «1» мамырдан «Есімің есте сақталған – ақ халатты абзал жан» атты арнайы акциясын бастады деп хабарлайды QAZIR.KZ ҚР Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтөбелік дəрігерлер COVID-19 індетімен күрестің алдыңғы шебінде жүр. Өлім мен өмір белдескен шақта көп ойлануға уақыт болмайды. Тез арада шешім қабылдау – ақ халатты жандардың күн сайынғы жұмысында үйреншікті жағдай десек, қазіргідей қауіпті індет әлемді қаусырып тұрғанда жауапкершілік жүгі бұрынғыдан да ауыр. Сын сағатта сыр бермей, ажалға араша болу үшін Ақтөбелік дәрігерлер де қорғаныс костюмдерін, көзілдіріктері мен қолғаптарын кие салып, шешуші сәтте кәсібиліктерін көрсете білді.
КВИ мен ауырған 74 жастағы қала тұрғынының халі ауырлап, оның жүрегінің соғысы нашарлағасын дереу операция жасау туралы шешім қабылданған.
«Науқастың жүрегіне электрод орналастыру үшін бір миллиметрге болса да қателеспеу керек болатын. Инфекциялық ауруханадан оның экг көшірмесі жіберіліп, қашықтықтан кеңестер беріліп, оны құтқаруға бел будық», дейді Ақтөбе облыстық медицина орталығының бас кардиохирургі Берік Қасымов. Оның айтуынша, жүрек соғысының өзгерісі қан қысымы, бүйрек, бауыр, мидың қызметіне де əсер еткен. Кардиореанимация меңгерушісі Асқар Аяғанов, кардиолог Дана Телибекова жəне профессор Бекболат Жолдин науқастың жағдайын жете зерделеп, кеңес құрып, операция жасау туралы шешім қабылдаған. Емделушіге кардиостимулятор қою медицина орталығының мамандары Булат Хамидулла мен Жамбыл Жайлыбаевқа жүктелді. Мамандар бұл аса жауапты істі абыроймен атқарды. Инфекциялық ауруханаға осы операцияға қажетті арнайы қондырғылар дереу жеткізілген. Дəрігерлер Булат Хамидолла мен Жамбыл Жайлыбаев бұндай күрделі жағдайда жасалған операцияны аса жауаптылықпен алып шықты. Екі күн өткен соң Алма əженің жағдайы жақсара бастады.
«…енді ғана дəрігер болған жайды түсіндіріп айтқасын ғана бір ажалдан аман қалғанымды сездім. Қатерге бастарын тігіп, қауіпті індеттен қаймықпай маған ота жасаған барлық дәрігерлерге алғыс айтамын. Қазір жағдайым жақсы. Ораза кезінде ақ халатты абзал жандардың денсаулығы мықты болуын тілеймін, елге жасаған еңбегі еселеп қайтсын», деп Алма әже алғысын жаудырды.
Алматылық дәрігерлер де қиын кезеңде халық денсаулығы үшін алдыңғы шептен табылып жүр. 13 жыл бойы өзі жүрек қалауымен таңдаған мамандығы бойынша еңбек етіп келе жатқан Салтанат Айбосынова қазіргі таңда И.Жекенов атындағы қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында жоғары санаттағы дәрігер инфекционист. Өз саласының үздігі, сонымен қоса 5 баланың мейірімді анасы, сүйікті жар. Салтанаттың өмірлік серігі де Қалқамандағы №1 провизорлық стационарда дәрігер болып жұмыс істейді.
«Осы қатерлі індетпен алысқан кездер өзіне де, әріптестеріне де үлкен жауапкершілік жүктеді. Қалалық әкімдіктің шешімімен бізді «Отырар» қонақ үйіне орналастырды. Қонақ үйде бізді 3 мезгіл тамақтандыру және клиникаға дейін көлікпен жеткізу қарастырылған. Клиниканың басшылығы барлық қорғаныс киімдерімен, бетперделер мен респераторлармен жабдықтады. Үкіметтен жалақымызды 850 мың теңге үстемақымен бірге алып отырмыз, оның үстіне бізді салық пен зейнетақы жарналарынан босатты», дейді Салтанат Бейсенбайқызы.
Ал Шымкент өңірі акция аясында осы салада ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген екі кәсіби маман жайлы айтты. Оның бірі Гүлжанат Наурызова, Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінің меңгерушісі, І санатты дәрігер. Сын сағатта күшейтілген режимде тынымсыз еңбек етіп келе жатыр.
– Біздің фильтрлі кабинетке күніне 40-50 науқас жүгінеді. Науқастардан коронавирусқа байланысты анализдер алынып, диагностика жүргізіледі. Біздің мақсат – науқастарға дер кезінде көмек көрсету, індеттің таралуын ауыздықтау,- дейді Гүлжанат.
Елімізге төтенше жағдай енгізілгелі отбасындағы 3 ұл-қызын көруді сиреткен Г.Маханбетәліқызы сын сағатта науқастарға қол ұшын созуды мерейлі міндет санайды.
Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса жүгінетін ақ халатты абзал жандар туралы қаншалықты толғақты ой тербетсең де артық етпейді. Ал «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының Шымкент филиалының құрамындағы №5 емхананың қызметкері, медаға Айбек Жандарбек Қызылсу блок-бекетінде кезекшілікте тұр.
– Вирустың таралу жылдамдығын жаңалықтардан көріп отырсыздар. Күн санап елде коронавирус жұқтырған азаматтар саны көбейіп барады. Карантин шектеулеріне атүсті қарайтындар өзінен бөлек, жақындары үшін де қауіпті, – дейді Айбек Қазыбекұлы.
Айбек Жандарбек 2016 жылы еңбек жолын қалалық жұқпалы аурулар ауруханасынан бастаған. Қазіргі таңда алдыңғы шепте індеттің алдын алу бағытында тәулік бойы еңбек етіп жүрген әріптестерінің асқан күш-жігері мен жауапкершілігіне риза. Оның айтуынша, өз өмірі мен денсаулығын қауіп-қатерге тігіп, қоғам игілігі мен адамзат денсаулығы үшін тынбай еңбектеніп жүрген медицина мамандарына алғыс айтуымыз керек.
Қиын кезде таңның атысы, күннің батысы демей қауіпті індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлерімізге қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Адамзат денсаулығын басты орынға қойып, қажымай – талмай еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандардың өздерінің денсаулықтары да мықты болсын деп тілейміз.