Бүгін Президент елімізде 2020 жылғы 16 наурыздан бастап енгізілген төтенше жағдай режимін тоқтатқанын хабарлады. Алайда коронавирус инфекциясының қауіпі әлі сейілген жоқ. Бүгін Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов журналисттерге осылай деді.
“Бүгінгі күнгі ең маңызды және қажетті шара – ол азаматтарымыздың денсаулығын сақтау. Сондықтан, карантин режимі әлі де сақталады. Оны ұстану – баршамызға міндетті,-деді Ералы Тоғжанов.
Үкімет карантиндік шектеулерге қатысты шешімдерді әр өңірде жеке қарап, кезең-кезеңмен шығармақшы.
Сонымен бүгіннен бастап ауданы 2 мың шаршы метрді құрайтын азық-түлік емес дүкендер, сұлулық салондары мен балаларды дамыту орталықтары жұмыстарын қайта жандандырады. Саябақтар мен алаңдар ашылады. Алайда саябақтардағы ойын-сауық қызметтердің жұмысына шектеулер сақталады.
Спорттық жаттығулар жасауға, мәдениет қызметкерлеріне репитициялар өткізуге рұқсат беріліп отыр.
Жұмыс істейтін ата-аналар үшін санитарлық нормаларға сәйкес балабақшаларда кезекші топтар құрылады.
Сонымен қатар, бүгіннен бастап, еліміздің 7 қаласында (Ақтөбе, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Тараз, Талдықорған, Үшарал) әуе қатынасы қайта жанданды. Дегенмен, ұшулар кезіндегі санитарлық бақылау: жолаушылардың температурасын өлшеу, әуе кемесіне отыру және ұшу кезінде қашықтық сақтау, медициналық маска кию талаптары сақталады.
Төтенше жағдай режимі жойылғанына қарамастан, өткізу-бақылау бекеттерінің жұмысы жалғасады.
Алайда, қала маңында тұратын, қалада жұмыс істейтін жұмысшылар бекеттен облыс әкімдіктерінің бекітілген тізімдеріне сәйкес өте алады.
Жыл соңына дейін 3,3 миллион оқушы мен 1 миллион университет пен колледж студенттері үшін қашықтықтан оқу жалғасады.
Сертификаттар мен соңғы қоңырау 3-4 маусымда мектептерде, ашық аспан астында, санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып, санаулы адамдардың қатысуымен өтеді.
20 маусымнан бастап ҰБТ 168 пунктің негізінде қатаң санитарлық ережелерге сәйкес қалыпты режимде өтеді деп жоспарлануда.
Жалпы 2 айға жуық уақытқа созылған Төтенше жағдай кезеңінде Төтенше жағдайды қамтамасыз ету үшін арнайы құрылған мемлекеттік комиссияның 18 отырысы өткізіліп, 500 шешім қабылданыпты.
Вице-премьердің айтуынша, дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында инфекцияның беталысын бақылауға қол жеткізілді. Аурудың өсімі 40-50 пайыздан соңғы апталарда 5-3 пайызға дейін төмендеді.
Халықтың әлеуметтік жағдайын қамтамасыз ету үшін Президенттің тапсырмасымен кең ауқымды шаралар қабылданғаны белгілі.
“Біріншіден, экономикалық қиындықтарына қарамастан, мемлекет барлық әлеуметтік міндеттемелерін дер кезінде орындауда. Бұл мақсаттарға биыл 3,4 трлн. теңге қарастырылған. (5,9 трлн.) Екіншіден, оған қоса, Мемлекет Басшысының шешімімен 4 млн.-ға жуық зейнеткерлер мен жәрдемақы алушылардың төлемдері жылдық мөлшерде 10 пайызға арттырылды. Бұл шараға қосымша 313 млрд. теңге қаралған болатын.
Үшіншіден, 1 млн. мұқтаж азаматтар 7 млрд. теңгеге азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Төртіншіден, 4,5 млн. табысынан айрылған азаматтарға 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлемдер тағайындалды; Бесіншіден, 1,6 млн. жуық мұқтаж отбасыларға коммуналдық төлемдерді өтеу үшін қаржылай көмек көрсетілуде”,-деді Ералы Тоғжанов.
Ал «БІРГЕМІЗ» қоры карантиннен ең көп зардап шеккен 363 мыңдай адамға 18 млрд. теңгенің көмегін көрсетіпті; әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына 5 млн. маска тегін таратылып; алғы шепте жүрген 2 мыңнан астам дәрігерге қаржылай көмек берілген.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес барлық өңірлерде азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорлары құрылып, халықты негізгі азық-түлік тауарларымен тұрақты түрде қамтамасыз етілуде.
“Естеріңізде болса, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрі бойынша Қосымша құн салығы (НДС) жыл соңына 12%-ден 8%-ға дейін төмендетілді. Нәтижесінде, тауар өндірушілерге 8,7 млдр. теңгеге көмек көрсетілді”,-деді вице-премьер.
Жоспарланған көктемгі егіс науқаны үшін қазақстандық фермерлерге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 5%-дан аспайтын мөлшерде 70 млрд. теңге бөлінді. Бұл жылдағы қалыпты мөлшерден 10 пайызға көп. Аталған шарамен 2 405 аграрлық субъект қамтылды.
Пандемия кезеңінде 62 елден 12 мың отандасымыз елге қайтарылыпты. Бұл жұмыс әлі жалғастырылуда – үкімет жоспар бойынша әлі 7 мың Қазақстан азаматын елге жеткізбекші.
Бүгінгі таңда, елімізде санитарлық-эпидемиологиялық жүйені нығайтуға, ғылыми зерттеулерді және фармацевтикалық өндірісті дамытуға қадамдар жасалуда. Бұл орайда медициналық кадр әлеуетін арттыру, оларды қолдау мәселелері қарастырылады.
“Қасым-Жомарт Кемелұлы «Мына қиын кезең өтісімен біз денсаулық сақтау жүйесіне қатысты барлық мәселелерді қайта қарап, өзектілігін анықтап, алда кездесетін қандай да жағдайларға дайын болуын қамтамасыз етуіміз керек» – деп міндет қойып отыр.
Осыған орай, Үкімет жанынан, беделді ғалымдар мен эксперттерден құрылған Биологиялық қауіпсіздік бойынша ғылыми кеңес құрылады”-деді Ералы Тоғжанов.
Оның айтуынша, ендігі кезекте экономикалық белсенділікті кезең-кезеңімен ретке келтіріп, азаматтар үшін қалыпты тіршілік жағдайларын жасау міндеті тұр.
“Коронавирус инфекциясының таратылу қаупі тұрақталып келе жатқанына қарамастан, әлі де карантиндік шаралардың сақталуы аса маңызды”,-деді Ералы Тоғжанов.