Әлеуметтік әріптестік іс жүзінде

ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған үкіметтік делегация құрамында Атырау облысына барып қайтты.
Атырауда Ералы Тоғжанов облыс басшылығымен және мұнай компанияларының өкілдерімен кездесіп, өңірдегі эпидемиологиялық жағдай, сондай-ақ Жұмыспен қамтудың жол картасының жүзеге асырылуын талқылады.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов елімізде коронавирустық ахуалдың қазіргі деңгейі 2-3 пайыз екенін атап өтті.


«Ауру көрсеткішінің төмендеуі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қабылданған шаралардың арқасында мүмкін болды»,-деп атап өтті Үкімет басшысының орынбасары.
Алайда Ералы Тоғжанов Атыраудағы тұрақсыз эпидемиологиялық жағдайға байланысты алаңдаушылық білдірді. 27 –ші наурыз бен 14-ші мамыр аралығында өңірде 458 адамнан COVID-19 инфекциясы табылған болатын.
Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары аймақтағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру, сондай-ақ әлеуметтік және еңбек саласындағы проблемалық мәселелерді шешу, соның ішінде жұмыс орындарын құру және жұмыссыздықты болдырмау бойынша бірқатар нақты міндеттер қойды. Сонымен бірге, Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның төрағасы болып табылатын вице-премьер, осы мәселелерді шешуге әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптарының, соның ішінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының қатысуының маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптарын жұмысшылардың денсаулығы мен еңбек құқықтарын қорғауға күш біріктіруге шақырды.

Ең алдымен, ҚРКФ басшысы жұмысшылар жағдайының нашарлауы, әлеуметтік кепілдіктердің алып тасталынуы және жалақының төмендеуі салдарынан туындайтын қауіптерге байланысты алаңдаушылығын білдірді.
«Біз, кәсіподақтар дағдарыс кезінде жұмысшыларды тағдырдың сынағымен бетпе-бет қалдырып, оның салдарын солардың мойнына артып қоюға бағытталған кез-келген әрекеттерге жол бермейміз», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.
ҚРКФ басшысы өз сөзінде «Теңіз» кен орнында COVID-19 ауырып жатқан жұмысшылардың көп болуына байланысты компания басшыларына және басқа жұмыс берушілерге әлеуметтік жауапкершілікті күшейту, қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өндірістің тұрақтылығын сақтау қажеттілігіне аса мән берді.
Сонымен бірге ол санитарлық шараларды күшейтуді және кәсіпорындарда жұқтыру қаупін бағалауды және алдын-ала бағалауды қарастыратын ҚРКФ-ның дағдарысты жеңілдету жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.
Жұмыс берушілерге COVID-19-дан зардап шеккен қызметкерлерге өтемақы қорларын құру, корпоративті бонустар мен компанияның басшылық құрамына қосымша төлемдерді беруді тоқтату есебінен жұмысынан айырылғандарды қайта оқытуды қаржыландыру мүмкіндіктерін қарастыру ұсынылды.

ҚРКФ басшысы жұмысшылардың көзқарастарын зерделеудің, жұмысшыларды коронавирус қауіптеріне қарсы тұру процестеріне тартудың, олардың санасы мен өзін-өзі қорғау деңгейін арттыру, сонымен қатар, кәсіпорындардағы қоғамдық бақылаудың рөлін күшейтудің маңыздылығын атап өтті.

Анықтама үшін: 14 мамырдағы жағдай бойынша өңірде 458 адамнан КОВИД-19 табылды. 127 адам жазылды. Жылыой ауданындағы Теңіз кен орнында COVID-19 жұқтырған 384 адам анықталды. Олар 20 жатақханада орналасқан 33 компанияның қызметкерлері.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметі