Заңнамалардағы еңбек мәселелері бойынша өзгерістер талқыланды

Еңбек дауларын сотқа дейін шешу мәселесінде заңнамалар қандай өзгерістерге ұшырады, жұмыскерлерге жалақы төлеу мәселесі бойынша заңнамалық өзгерістер іс тәжірибеде қалай жүзеге асырылады деп күтіледі, бұл мәселелер кеше Қызылорда қалалық сотында мүдделі тараптар қатысуымен өткен дөңгелек үстелде талқыланды.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2020 жылғы 4 мамырдағы № 321-VІ Қазақстан Республикасының Заңымен енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасындағы еңбек-әлеуметтік қатынастарда көптеген өзгерістер енгізеді. Дөңгелек үстел барысында өзгертілген заңнамаларға сәйкес соттардың еңбек даулары бойынша қарайтын істерін азайту, оның сотқа дейін шешілуінде мемлекеттік еңбек инспекциясы мен кәсіподақтардың атқаратын жұмыстары, құзыреттілігі мен міндеттері туралы сөз қозғалды.

Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов нақты іс тәжірибеде
кәсіподақ ұйымы бар мекемелердегі келісу комиссиясы жұмысының тиімділігі туралы пікірін білдіріп, облыс көлеміндегі кәсіпорындар мен мекемелерде кәсіподақ ұйымын құру жұмыстарына басымдылық беру мен құқықтық оқыту жүргізуді қарқындату бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқандығын жеткізді.