Атырауда Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысы өтті. Комиссия жұмысына Кәсіподақтар бірлестігінің, Кәсіпкерлер палатасының, Теңізшевройл, НКОК және олардың мердігерлер компанияларының өкілдері, сондай-ақ селекторлық режімде аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Отырыста мемлекеттің әлеуметтік-еңбек саясатына сәйкес облыс азаматтары үшін лайықты еңбек жағдайларын жасау мәселелері талқыланды.
Атырау облысы Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының мәлімдеуінше, облыс аумағында жалақы берешегі бар төрт мекемеде, соның ішінде 2017 жылдан бері 2 мекеме 19 жұмысшының алдында қалған берешегі 4,7 млн. теңге болса, («Water Energy» – 4,4 млн. теңге, «Казэлектрикум» – 342 015 теңге), ал 2019 жылы «Catering Lider Company» ЖШС-гі 70 жұмысшының алдында 25 млн. теңге жалақы берешегі қалып отыр. Сонымен қатар, профилактикалық бақылау мен қадағалау жүргізу барысында «Темірәлі» ЖШС-гі 100 жұмыскердің 2020 жылғы қаңтар айының жалпы сомасы 20 338 070 теңге еңбекақылары төлемегені анықталған.
2020 жылдың 4 айында 5 өндірістік жазатайым оқиғаның салдарынан 1 жұмысшы қаза болып, 6 жұмысшы ауыр дене жарақатын алған (құрылыс мекемелерінде – 3, мұнай өндірісінде – 2). Жазатайым оқиғалардың орын алуына өндірістегі жұмыстардың жеткіліксіз ұйымдастырылуы, жарамсыз көліктер мен қондырғыларды пайдалануы, қауіпсіздік ережелерінің қатаң сақталмауы, қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларының жүйелі түрде жүргізілмеуі себеп болуда.
Отырыс барысында Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігі комиссияға өзінің 2019 жылы атқарған жұмысы туралы есебімен таныстырып, облыс бойынша қалыптасқан әлеуметтік еңбек жағдайларын атап өтті.
Теңіз кен орнында жұмыстардың тоқтатылуына байланысты онда еңбек етіп, қысқарып немесе жұмыстан шығарылатын жұмысшыларды жұмыспен қамту мақсатында Арнайы комиссия құрып, жұмыс берушілермен кездесу өткізіп келіссөздер жүргізуге ұсыныс берді.
Сонымен қатар, өндірістік жарақаттанудың алдын алуға, еңбек адамының денсаулығы мен өмірін сақтау мақсатында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша талдау өткізетін және ұсыныстарды әзірлейтін облыстық ведомствоаралық жұмыс тобын құру қажеттігі айтылды.
Комиссия отырысында облыстық кәсіподақтар ұжымдық шарттары жоқ кәсіпорындарды анықтап, еңбек инспекциясымен бірлесе отырып аудан,қалаларда жұмыс берушілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, көшпелі жиналыстарды өткізу, әлеуметтік-еңбек жағдайына тұрақты мониторинг жүргізу мен ағымдағы күйін талқылау жұмысын ұйымдастыратын, еңбек даулары мен қақтығыстардың себептерін анықтауға бағытталған талдау және зерттеу жұмыстарын жүйелі түрде өткізетін, тиісті шаралар мен ұсыныстарды әзірлейтін арнайы облыстық орталық құру, еңбек дауларының алдын-алу және шешу жұмыстарын жүзеге асыруда мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты енгізу мәселелеріне айрықша көңіл бөлді.
Отырыс соңында облыстық комиссия өндірістік үрдістерді тұрақтандыру, еңбек құқықтарын және жұмыскерлердің кепілдіктерін қамтамасыз ету, әлеуметтік қорғау және жұмыстан босаған жұмысшыларды еңбекпен қамту мәселелері бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумдар жасау, жұмыстан босау, қысқару тәуекелдеріне және жұмыскерлердің өзге де еңбек құқықтарының бұзылу оқиғаларына тұрақты мониторинг жасау, өндірістік жарақаттанушылықтың өсуіне жол берген жұмыс берушілерге қатаң шаралар қолдану, еңбек дауларына жол бермеуге қатысты іс-шаралар қабылдау мәселелерін шешу бойынша ортақ шешім қабылдады.