“Түркістан облысы, Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің қызметкері Асхат Әссанди өзінің фейсбук парақшасында маусым айының 27 күні “AirGaz” ЖШС-не көмекші күштер қажет екендігі жайында жазба жариялады.
Асхат Әсетұлы өзінің жазбасында қалада індетке шалдыққан науқастар санының күрт өсуі әсерінен оттегі газы тапшы болуының бірден-бір себебі – “AirGaz” ЖШС тынысалу газын шығару зауытына жұмыс күші жетпей жатқанын хабарлаған. Жұмысшылар тәулігіне 24 сағат жұмыс жасап, тіпті зауытқа түнеп жүргенін мәлімдеді. Осы орайда, қала еріктілерін қиын сәтте жұдырықтай жұмылуға шақырып, ниет білдірген отансүйгіш еріктілерге көмек беруді сұрады. Нәтижесінде, қала еріктілері бірігіп, ертесі күні көмектесуге барды. Қысылтаяң шақта Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының жанынан құрылған “Shymkent volunteers” еріктілері, “Келешек” жастар кеңесінің еріктілері, Jas Otan жастар қанаты Шымкент филилалының ерікті жастары белсенділік танытып, көмек қолын созды.