Шымкент қаласының бас санитарлық дәрігерінің «Шымкент қаласының тұрғындары арасында коронавирустық инфекциямен аурудың алдын алуды әрі қарай күшейту туралы» №23 және №25 Қаулыларына сәйкес 5 шілде мен 20 шілде аралығында Шымкент қаласында карантиндік режим ұзартылып, шектеу шараларының талабы күшейтілгені белгілі.
Осыған орай бастауыш кәсіподақ ұйымдарының басшылары мекемелердегі ұжым мүшелерінің санитарлық режим талаптарын сақтауын қадағалауда. Атап айтқанда, мекеменің кіре берісіне кезекшілік қою, бетперде кию, дене қызуын өлшеу, антисептиктердің, жеке және ұжымдық қорғаныс заттарының болуы мен олармен қамтамасыз етілу жағдайы, қызметкерлер және қызметалушылар арасындағы қашықтықты сақтау, жұмыс орнын дезинфекциялау, еденді хлорлы сумен жудыру, санитайзерлер, термометрлер, әлеуметтік қашықтықты сақтау жағдайы тұрақты тексерілуде.
Бүгін Түркістан облыстық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының бастауыш кәсіподақ комитетінің төрайымы Нұржамал Іңкәрбекова аталған мекемеде бақылау жүргізді. Нәтижесінде орталық карантин талаптарына сай жұмыс істеп тұр деген байлам жасалды.