Батыс Қазақстанда кәсіпорындар карантин талаптарына сай жұмыс атқаруда

Батыс Қазақстан облысында 5-19 шілде аралығында қатаңдатылған карантиндік шаралар енгізілді. Аймақтағы күрделенген эпидемиологиялық ахуалға қарамастан, бірқатар ірі кәсіпорындар өз жұмыстарын жалғастыруда.

Бүгінгі таңда аймақтық кәсіподақтар ұйымдарында ірі кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігін сақтау барысын, мекемелер мен қызметкерлердің карантиндік шаралар аясында қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілуін қадағалау, әлемдік пандемия кезінде өндірістік кешендердегі жұмыстардың және ондағы жұмыс күшінің тоқтап қалмауының алдын алу мақсатында мониторингтік топ жұмыс жасап жатыр.

Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облысы «УральскЭнерго» АҚ қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымы кәсіпорын қызметкерлері арасында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталуына басты назар аударуда.  Кәсіпорын ғимаратында арнайы кварц шамдар мен термометр құрылғылары орнатылған. Барлық қызметкерлер үшін біркүндік жұмыс уақытында бірнеше ауыстырылымға жететін медициналық бетперделер мен қолғаптар жеткілікті түрде қарастырылған. Сонымен қатар, мекеменің кіреберісінде хлор ерітінділері бар сұйықтықтар мен арнайы антисептикалық құтылар қойылған.

Кәсіпорын басшылығы мен мекеме әкімшілігі  карантиндік шаралардың қатаң сақталуына тікелей жауапты екендерін жеткізді.

«УральскЭнерго» АҚ қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы А.К.Жәнібеков: «Дәл қазіргі уақытта салалық кәсіподақ ұйымының мүшелігінде 1361 жұмысшы бар. Ел аумағында орын алып жатқан экономикалық мәселелерге қарамастан, ұжымдық шарттар негізінде біз -кәсіподақ ұйымы жұмысшыларымыздың толық жұмыс уақыты мен жалақыларының сақталуына барынша қолдау білдіретін боламыз, бастысы –  жұмысшыларымыздың денсаулығы мен амандығы», – деді.  Кәсіпорындағы жұмыстың күйі бірқалыпты, қызметкерлер толық жұмыс уақытын сақтай отырып, жұмыстарын жалғастыруда.